8.11.2024, 17:00
Оқылды: 106

Бөкей ордасында бас дәрігер ауысты

Күні кеше ғана Бөкей ордасы аудандық ауруханасының басшысы Анарбек Белисанов Ақжайық ауданының директоры қызметіне тағайындалды. Бөкей ордасына жас маман болып келіп, содан бері 11 жыл табан аудармай еңбек етіп, өз қызметін адал атқарып, елдің алғысына бөленген Анарбек Бейбітұлын бүгін ресми түрде ұжымы құрметпен шығарып салды.

IMG-20241108-WA0067

Бұл шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев бастаған топ арнайы келді.

Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов алыстан ат арытып келген меймандарға хош келдіңіз айтып, аудандық аурухананың дамуына ерекше үлес қосқан Анарбек Бейбітұлының еңбек жолына да тоқталып, облыстың бас дәрігеріне сөз берді.

IMG-20241108-WA0062

– Кез келген салада кадрлық өзгерістердің орын алуы заңды көрініс. Өздеріңізбен етене қызмет етіп, жергілікті медицинаның дамуына үлкен септігін тигізген Анарбек Бейбітұлының тәжірибесі мен білімін, біліктілігін ескере отырып Ақжайық ауданындағы аурухананың тізгінін сеніп тапсырдық. Өзіңіз басшылық қылған жылдары округтегі медициналық нысандар жөнделіп, жаңартылып, медициналық көліктер пайдалануға берілді. Жаңа мамандар қызметке келді. Материалдық-техникалық база нығайды. Бір сөзбен айтқанда аудандағы медицинаның әлеуетін көтеруге қосқан үлесіңізді біз бағалаймыз, - деп атап өтті Мадияр Амангелдіұлы.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева да өнімді де жемісті қызметімен дараланған Анарбек Бейбітұлына алғыс айтып, қазақтың салтымен үстіне шапан кигізіп, алғысхат табыс етті.

IMG-20241108-WA0061

– Сіздің тікелей басшылығыңызбен аудан көлемінде біраз іс атқарылды. Әсіресе, аудан орталығынан қашықта орналасқан округтердегі медициналық нысандар жаңартылып, халықтың көңілі орнына түскендей. Түрлі сала бойынша дәрігер мамандар ауылға келуде. Ауданның медицинасы сіз секілді іскер, тәжірибелі мамандардың басшылығымен дами түседі, - деді ақжарма лебізін арнай.

Өз кезегінде аудан ардагерлерінің атынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, аурухана дәрігері Ағайша Хайырова т.б сөз сөйлеп, игі тілектерін жолдап, сый-сыяпаттарын табыс етті.

Бөкей ордасынан Ақжайық өңіріне жол тартқан Анарбек Бейбітұлы да ұжымына, бөкейдік ағайынға ризашылығын білдірді

– Құрметті жерлестер, ардақты ұжымым! Осы аудандық аурухананың табалдырығын 25 жасымда аттаған екенмін. Көзді ашып-жұмғанша 11 жыл өте шығыпты. Әлбетте аз да, көп те емес уақыт. Осы аралықта аудандық аурухана көптеген өзгерісті бастан өткерді. Біраз іс атқарылды. Әр округтегі фельдшерлік-акушерлік пункттер жөнделіп, дәрігерлер қатары жаңа маманға толықты.  Су жаңа көліктер берілді. Материалдық-техникалық базамыз да біраз нығайды. Алға қойған мақсат-міндетіміз де орасан еді. Басшылықтың ұйғарымымен ендігі қызметім Ақжайық ауданында жалғаспақ. Сіздермен қызмет еткеніме қуаныштымын, Бөкей ордасына қашан да бүйрегім бұрып тұратыны сөзсіз, - деді.

Шара соңында Кенесары Бекболатұлы бөкейліктердің атынан аудан әкімінің алғысхатына қоса аудан энциклопедиясын да тарту етті.

Айта кетелік, аудандық аурухананың басшысы қызметін уақытша атқарушы болып осы күнге дейін директордың орынбасары қызметін атқарып келген Нұрлан Зекешев тағайындалды.

Арайлым Есмағұлова

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале