27.12.2024, 9:30
Оқылды: 134

Бөкей ордасында жаңажылдық кеш өтті

Бөкей ордасындағы М-С.Бабажанов атындағы орта мектепте аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық шыршасы өтті.

жаңа жыл2

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын  мерекелік ертеңгілікке әр ауылдық округтен 9-13 жас аралығындағы оқу озаттары мен белсенділері, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан   45 оқушы қатысты.

Мерекеге асығып жеткен өрендермен бірге аудан басшысы Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков және өзге де сала басшылары, мектеп директорлары балалар шыршасына куә болды.

«Төрлет, Жаңа жыл!» тақырыбында өткізілген мерекелік кештің сәнін ертегі әлемінің кейіпкерлерін сомдап, алуан-алуан киім үлгісін киіп келген бүлдіршіндеріміз арттыра түскендей.

жаңа жыл5

Қар ханзадасы мен қар ханшайымы да мереке-думанға жиылған оқушылардың көңілдерін көтеріп, қызықты сұрақтар қойып, шат-шадыман күйге бөлеуге тырысты. Балалар да өздерінің өнерлерін көрсетіп, осы мерекеге тыңғылықты дайындықпен келгендерін байқатты.

– Жаңа жыл мерекесі – ғажайыпқа, қуанышқа толы ең әсем мерекелердің бірі және бұл күнді әр бүлдіршін асыға күтеді. Сіздер ауданымыздың басты жаңажылдық шыршасын мерекелеу үшін әр мектептен жиналдыңыздар. Бұл аға-буынның өздеріңіздей өнегелі өскелең ұрпаққа көрсеткен құрметі. Осынау керемет шарада туған өлкеміздің әр елді мекенінен келген өздеріңдей үлгілі, дарынды, озат оқушылармен кездескеніме өте қуаныштымын. Жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алу үшін шырша тойына әп-әдемі боп киініп келіпсіздер. Шыршамыз да сондай жарқырап, баршамызды сиқырлы әлемге жетелеп тұрғандай. Жарқын өмірге жасаған қадамдарыңыз сәтті болсын! Бүгінгі шырша тойындағы ойлаған барлық арман-тілектеріңіз орындалсын. Болашақтарың жарқын, келешектерің кемел болсын! Әрқашан оқуда үздік болып, сабақтарыңды жақсы оқып, ата-аналарыңды, аға-әпкелеріңіз бен бауырларыңызды қуантыңдар. Келер жылан жылы жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, бақытты оқиғаларға толы болсын, - деп ақжарма лебізін білдірген аудан басшысы мерекені тойлауға келген өрендермен бірге шырша шамын жағып қана қоймай, оқушылармен бірге шыршаны айналды.

Өз кезегінде аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева да мерекелік тілегін жолдаса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков бүлдіршіндерге ақ батасын арнады.

Жаңа жылдың ең басты кейіпкерлері Аяз ата мен ақшақар бұл жолы ерекше көлікпен жетіпті.

Электросамокатты тізгіндеген екеуін оқушылар зор қошеметпен қарсы алды. Дорбасын асынған Аяз ата әдеттегідей мырзалық танытып, тәттілерімен айналасын қуантудан тайынбады. Аудан басшысы Нұрлыбек Жасқайратұлы да әр оқушыға «Алиса» ақылды құрылғысы мен тәттілер толы қорапты ұсынып, балақайларды және қуантты.

Сондай-ақ, мерекелік думанға келген оқушыларға «Кульчикова» ЖК түскі ас беріп, демеушілік танытқанын айта кеткеніміз жөн болар.

Нұрай Таубай

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале