Бөкей хандығының 225, Хан ордасының 200 және Жәңгір мектебінің 185 жылдығына арналған той Хан қорымына тағзым етуден басталды.

Хан пантеонында ауыл имамы Мэлс Хамитұлы Құран оқып, жиналған қауым Жәңгір хан рухына тағзым етті. Айта кетсек, бұл тарихи пантеон 1997 жылы салынған. Хан кесенесінің ашылу салтанатына тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, абыз Әбіш Кекілбаев арнайы келіп, қатысқан еді.

Хан Ордасы ауылынан шамамен төрт шақырым жердегі тарихи пантеонында Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей Шығайұлы және ғалым-этнограф Мұхамед-Салық Бабажанов кесенелері бар. Пантеон аумағында XIX ғасырдан қалған 500-ден астам құлпытас сақталған.

Бұл құлпытастар зерттеліп, арнайы еңбектерге енгізілген. Олар Бөкей ордасы дәуіріндегі адамдардың есімдері, әлеуметтік мәртебесі және жерлеу мәдениеті туралы маңызды дерек береді.
"Жайық Пресс"
