Маусым айы бір емес, бірнеше сала мамандары үшін ерекше мәнге ие. Өйткені бұл айда еліміздің мемлекеттік қызмет сапасын арттыруда айрықша еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда қырағылық танытқан полиция өкілдері, сондай-ақ, заң үстемдігін қамтамасыз етуде еңбектері елеулі сот қызметкерлері төл мерекесін атап өтеді. Осынау атаулы күндерге орай Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, «Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Салтанатты жиынның шымылдығы аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөздерімен ашылды.
- Мемлекет пен қоғамға қызмет ету – әрбір азамат үшін абыройлы іс. Еліміздің гүлденуі мен экономикамыздың дамуы жолында мемлекеттік қызметшінің қосар үлесі ерекше.Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заманауи, сапалы қызмет көрсету міндеті қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керектігін атап көрсетті.Елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтап, беріктікті нығайту мақсатында құрылған қазақстандық полиция қызметі бұл күндері Тәуелсіздігіміздің қастерлі міндеттеріне көлеңке түсірмей, ел тыныштығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – кез-келген мемлекеттің демократиялық дамуының басты факторы болып қалмақ. Осы орайда, ауданның сот жүйесінде қызметтік міндеттеріңізді адал атқарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, - деген аудан басшысы игі тілектерін арнап, елімізді өркендету жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.
Әдеттегідей әр сала бойынша еселі қызмет қылып, жетістіктерімен көзге түскен бірқатар мамандардың еңбектері еленіп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловтың, облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Серік Сүлейменнің, аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың атынан алғысхаттар ұсынылды. «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев пен аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жалғас Ташуовтың атынан да алғысхаттар табыс етілді.
Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Бақберген Молдағалиев те саналы ғұмырын қиын да жауапты іске арнаған полиция ардагерлеріне «Құрметті ардагер» , «Қазақстан полициясына 30 жыл», «Қылмыстық-іздестіру қызметіне 105 жыл», «Құқық қорғау жүйесіне қосқан үлесі үшін», «Учаскелік полиция инспекторларына 100 жыл» атты медальдарды кеуделеріне тақты.
Бұл концерттің шырайын төл мереке иелері аша түсті десек артық айтпағанымыз. Концертті де өздері тізгіндеп, әнмен әуелетіп, бимен көмкерді.
Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данагүл Ғайноллиналар жүргізуші ретінде өздерін жаңа қырынан танытса, Ұялы ауылдық округінің әкімі Ерлан Ермекқалиев, аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің маманы Ерлан Нүркенов, аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Динара Еділбаевалар да өнерден қара жаяу еместігін көрермендерге дәлелдей түсті. Тәртіп сақшылары да хормен ән орындаса, жеке дауыста Максим Елдосов, Темірлан Жеңіс «Атамекен» әнімен концертті түйіндеді.
Айта кетелік, жергілікті көркемөнерпаздар да сахна төрінен табылып, жұртшылықты өнерлерімен тәнті етті.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей ордасы ауданы