Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Бөкей ордасында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 16 наурыздан бері ұлттық киімдер челленджі бастау алды.
Ұлттық киімдерімізді кеңінен насихаттауға арналған челленджге ауданның барлық мекемелері, білім ошақтары және студент жастар белсене қатысты. Челлендждің басты талабына сай қатысушылар ұлттық киім киген суреттерін "Бөкей жастарының" фейсбуктегі парақшасына жолдаулары міндеттелді.
Мерекелік шаралар онлайн форматтағы шаралармен жалғасын табуда. Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен "Салт-дәстүрімізді ұлықтайық" атты тағылымды шараға да мекеме ұжымдары ерекше құлшыныспен қатысты.
Айта кетелік, әр ұжым бесікке салу, тұсау кесу, беташар т.б дәстүрлерді бейнекөрініс арқылы сахналады. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық ойындардың ережелері түсіндірілген бейнетүсірілімдер де аталмыш мекеменің фейсбуктегі ресми парақшасына жүктелді.
Пандемияға байланысты ұлттық мерекемізді думандатып тойлауға рұқсат берілмесе де аудандық мәдениет үйінің алдында он екі қанатты киіз үй құрылды. Киіз үйдің іші ұлттық бұйымдармен безендірілген. Сайқындық тұрғындар бұл жерге арнайы келіп естелік суретке түсе алады.
Орда жұлдызы