23.04.2025, 23:00
Оқылды: 185

Бөкейордалық Медет Қаресов Мемлекет басшысымен кездесті

Сәуірдің 21-інде Астанада ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі өтті. Ауқымды іс-шараға облыстан бес белсенді жас қатысып қайтты. Бөкей ордасы аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Медет Қаресов осы бесеудің бірі боп, мемлекет басшысымен бетпе-бет қатысып, фестиваль қызықтарын тамашалап қайтты.

photo-output

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген жаппай ағаш егу науқаны еліміз үшін аса маңызды әрі дұрыс шешім дер едім. Біртіндеп бұл акция жылда атқарылатын әдемі дәстүрге айналып келеді. Осы шара шеңберінде еліміз бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабы жасыл желекке толды. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған ортаны қалыптастыратынымыз анық.
Еліміздің Президенті Қасым- Жомарт Кемелұлы айтқандай «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды». Президентіміздің әр сөзін толықтай қуаттаймын және осы елдің азаматы ретінде қолдауға барымды саламын.

photo-output
Терек егіп сауапты іске үлес қосқаныммен қатар бөкейлік жастардың атынан президентіміздің қолынан сыйлық алдым. Мемлекет басшысының атынан сыйлық алу мен үшін үлкен мәртебе! Осындай керемет мүмкіндік үшін қолдау көрсеткен аудан басшылығына және маған сенім артқан бөкейлік жастарға алғысымды білдіремін!– дейді Медет Болатұлы.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале