3.08.2024, 14:02
Оқылды: 227

Бөкейордалық Мейрам Ғазезов қарбыз егіп, табыс тауып отыр

Бөкей ордасы ауданына қарасты Бисен ауылының тумасы Мейрам Ғазезов бір гектар жерге қарбыз егіп, шамамен 15 тоннадай мол өнім алды. Осы саланың ұңғыл-шұңғылын меңгерген тәжірибелі бағбан болмаса да қарбыз егуді алдына мақсат етіп, қажырлы еңбегінің нәтижесін көріп отыр. Оның бақшасындағы қарбыздардың салмағы 15 келіге дейін жеткен. Аудан көлемінде таңсық саналатын кәсіпті дамытуға бел буған жерлесіміз  келер жылы да егіс алқабын ұлғайтпақ ниетте.

822E91F7-4EEF-406E-A057-084C52ED65B0

Бүгінгі кейіпкеріміз жаз шыққалы алқап басынан бір ұзамады. «Бабын тапсаң – байлық жерде» деген тәмсілге жүгініп, іс жүзінде байқап көруге бел буды.

– Шамамен 12-13 жыл бұрын Ресей жақта бау-бақша саласында жұмыс жасадым. Сол жердегі мамандардан көрген-білгенім бар, өзім де ізденіп, біраз ақпарат жинадым. Сәуір айынан жемістің өскіндерін жылыжайда күтіп-баптадым. Мамыр айының 15-17 күндері бой көтеріп қалған көшеттерді ашық алаңға әкеліп, отырғыздым.  Осы айдың бел ортасынан өнім ала бастадым. Шығымы жаман емес. Әр екі-үш күн сайын қарбыздарды жинап алып отырмын. Бүгінде аудан нарығына шығарғаныма да көп бола қойған жоқ. Десе де тұтынушыларым жетерлік, тек бисендіктер ғана емес, Жиекқұм, Жетібай, Көктерек, Сайқын ауылдарынан және Жәнібек ауданынан көтерме бағамен сатып алуда.  Қарбыздың бағасы 180 теңге, - дейді шағын кәсібінен толымды табыс тауып отырған жерлесіміз.

Қарбыз – жылуды сүйетін жеміс. Уақтылы суарып, бабын жасай білсең өнімді де молынан береді. Әлбетте, жазғы уақытта түрлі зиянкестер өріп жүреді. Бастысы, дер кезінде ем-домын жасап, сақтық шараларына көңіл бөлу керек. Ең үлкен қарбыздың салмағы 15 келі 920 грамм болды. Ірі әрі етті сорт, - деп өз тәжірибесімен бөліскен Мейрам Жұмагелдіұлы қарбыздарды тамшылатып суару технологиясы арқылы суаратынын да жеткізді.

– Баршаға белгілі израильдік тәжірибені мен де қолданысқа енгіздім. Өте үнемді әрі тиімді әдіс екен. Алқапта әлі де пісіп жетілмеген қарбыздар бар. Бұйыртса қара күзге дейін өнім жетіп қалар деп ойлаймын, - дейді ол.

Арайлым Есмағұлова

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале