26.05.2023, 10:01
Оқылды: 10

Болашақ агрономдар егіс даласында

«Амангелді-АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқабы туралы бұған дейін жазып келгенбіз. Ғалым агроном Алдаберген Нұғманов Ащысай ауылдық округіне қарасты Амангелді елді мекені маңындағы танапта ғылыми іс-тәжірибемен айналысып келеді. Сонымен қатар мол өнім алып, сұрыптау процесін жетілдіріп отыр. Айта кету жөн, ғалым-агроном ауқымды жоспарларды жүзеге асырып, арпа мен бидай, сұлы мен мақсарының да ең сапалы түрлерін өсіріп жүр. Олардың төзімді және өсіруге тиімді түрлерін қызғыштай қорып, көбейтіп келеді. Сөйтіп еліне, ауыл шаруашылық саласына қомақты үлесін қосуда. Тағы бір ескерерлік жәйт, ауыл шаруашылық танаптарын агрохимиялық өңдеудің небір жаңа технологияларын пайдаланып, тәжірибе жасауда.

фото болашақ

Әрбір тұлға өнерде, ғылымда, спортта да жеткен жетістіктерін мұра етіп қалдырып немесе өзінің білгенін қасындағыларға үйретіп, қол жеткен биігін мәңгілік етеді. Ал Алдаберген Нұғманов та тәлімгер ретінде өзінің білген-жиғанын ұлына және Жәңгірхан атындағы аграрлық университетінің ІІІ курс студенттеріне үйретуді өзіне парыз санайды.

Еңбек пен тәжірибені ұштастырып жүрген агрономның екі студентке тек практика қана емес ғылыми ізденістерін де таныстыруды жөн көрген.

Жансен Мейрамғалиев және Жиенбек Абзалұлы осы бір оқу орнын таңдағанда агрономияға тап бұлай үлкен қызығушылық оянар деп ойламаған. Күнделікті лекцияларын тыңдай келе, аппақ кабинеттерде қағаз-қалам және микроскоппен ғана отыру оларға аздық еткендей. Сөйтіп, екі студент ұстаздары А.Нұғмановпен ақылдаса келе, оқуды далалық жұмыспен ұштастыруды таңдаған. Нәтижесінде, студенттер ұстаздарының егін алқабынан бір шығып, далаға, техникаға да үйренісіп қалғандай. Әсіресе, кешқұрым жұмыс аяқталғанда шаршағандарын бір біледі. Әйтсе де оқуын оқып, тәжірибелерін жасап, еңбекақыларын да алып отыру екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігін түсініп жүр. Әрине жұмыстың, әсіресе далалық жұмыстардың оңай еместігі белгілі. Әйтсе де, еңбекпен тапқан нан тәтті. Күні ертең-ақ алған білімдері, жиған тәжірибелері екі жас жігітті талай биіктерге көтеруі ықтимал емес пе?

Ақтөбе қаласында туып өскен Жансен және шалқарлық Жиенбектің армандары көп. Соның ішінде ауыл шаруашылық саласына үлес қосып, ғылым мен еңбекті қоса өріп, Қазақстанға адал қызмет ету. Сондай-ақ, екі студенттің егін алқабында таңнан қара кешке дейін еңбек етіп, білім алуы өзге болашақ өзге мамандарға да үлгі болсын дейміз.

А.Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале