24.09.2025, 11:15
Оқылды: 192

Бөрлі аудандық жас туристер станциясының жеңісі

 

Халықаралық туризм күніне орай білім қызметкерлері арасында «Еуропа-Азия - 2025» республикалық туристік фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – педагогтердің туристік және кәсіби шеберліктерін шыңдау, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, білім беру ұйымдарындағы туристік-өлкетану жұмыстарының озық тәжірибесін айқындау және насихаттау болды. Фестивальді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы және Балалар мен жасөспірімдер туризм және экология облыстық орталығы ұйымдастырды.

f50f0351-b4b7-4b51-97a0-596d5ced5cee

Шара Батыс Қазақстан облысындағы Евразия туристік кешенінің аумағында өткізілді. Биылғы фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген білім беру ұйымдарының педагогтері мен колледж оқытушыларынан құралған 23 құрама команда қатысты. Жалпы қатысушылар саны 192 адамды құрады. Олардың қатарында Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан келген командалар болды. Батыс Қазақстан облысы бойынша 12 аудан мен Орал қаласының педагогтері белсенділік танытты. Қатысушылар туристік өмір салтына бейімделіп, далалық жағдайда қоныстанып, жарыс талаптарына толық сай қатысты. Фестиваль бағдарламасына туристік, шығармашылық және спорттық бағыттағы бірқатар байқаулар енгізілді. Атап айтқанда, «Өткелдер», «Жеке», «Байлам», «Техникалық», «Түнгі бағдарлау» сияқты туристік қашықтықтар, «Туристік тұрмыс және дағды», «Үздік әдіскер», «Жорыққа шығуды кішкентайымнан жақсы көремін» бейнеролик байқауы, «Бард әндерін орындаушылар», сондай-ақ «Mister and Miss Europe-Asia» шығармашылық байқауы өтті. Сонымен қатар, дойбы, тоғызқұмалақ, волейбол, асық ату сынды ұлттық және спорттық ойындар да шараның мазмұнын байыта түсті.

712eaee1-486b-4082-8173-e1ea11129e6a

Аталмыш фестивальде Бөрлі аудандық Жас туристер станциясының педагогтерінен құралған команда жоғары нәтижелер көрсетіп, бірнеше бағыт бойынша жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, «Өткелдер» қашықтығында «А» тобы бойынша команда I орынды, «Техникалық» қашықтықта да «А» тобы бойынша I орынды иеленді. «Байлам» қашықтығында ерлер тобы бойынша Карим Неталиев пен Аманжан Әбуталиев  I орынды жеңіп алды. «Жеке» қашықтықта ерлер арасында «А» тобы бойынша Карим Неталиев I орынға ие болды. Шығармашылық бағыттағы «Mister and Miss Europe-Asia – 2025» байқауында Аманжан Әбуталиев  пен Айкөркем Халелова  III орынды иеленді. Сонымен қатар, «Туристік тұрмыс және дағды» байқауы бойынша да команда I орынға қол жеткізді. Бұл жетістіктер – өңірдегі туристік-өлкетану жұмыстарының дамып келе жатқанын және педагогтердің кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Мұндай ауқымды фестивальдер тек бәсекелестік пен шеберлік сыналатын алаң ғана емес, сонымен бірге өңіраралық тәжірибе алмасуға, әріптестік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін маңызды іс-шара болып табылады. «Еуропа-Азия - 2025» фестивалі ұстаздардың бойындағы елге, табиғатқа, мамандығына деген сүйіспеншілікті арттырып, олардың өзара ынтымақтастығы мен патриоттық рухын бекемдей түсті.

 

Анаргүл Шамбай,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале