Бөрлі ауданына философия ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аға оқытушысы, РАТТ мүшесі Кеңшілік Тышхан келіп студенттермен, оқушылармен, мемлекеттік қызметшілермен және мешіт жамағатымен кездесу өткізді. Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Парасат» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Кеңшілік Тышханұлы студенттермен кездесуде «Діни экстремизм мен терроризм көріністері және оның алдын алу», мектеп мұғалімдерімен «Қазақстандағы діни ағымдардың әрекет ету тәсілдері мен басты ұстанымдары», мемлекеттік қызметшілермен «Зайырлы мемлекеттегі діни қатынастар», мешіт жамағатымен «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыптарын көтерді. Кездесу барысында діни экстремизм мен терроризм, деструктивті діни ағымдар, еліміздегі діни түсініктер туралы да жалпы ақпарат берілді.
– Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан бөлінбейді. Қоғамымызда діндар адамдар, діни ағымдар, әркімнің өз ұстанымы, қағидаттары бар. Дін мен мемлекеттің қағидасының қарама қайшы келіп қалатын тұстары да болады. Ондай жағдайда біздің мемлекетте заң негізге алынады. Діни мемлекеттер деп саналатын елдердің өзінде зайырлы құқықтық нормалар бар, - дейді РАТТ мүшесі Кеңшілік Тышхан.
Жиын қатысушылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алып, пікірлерін ортаға салды.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы