Бөрлі аудандық мәдениет үйінде Семей ядролық сынақ полигонының зардабын тартқан азаматтарды еске алуға арналған «Атомсыз әлем – ұрпаққа аманат!» атты тағылымды шара өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ядролық сынақтардың адамзатқа әкелген зардабын еске алу, өткен тарихтан сабақ алу және жас ұрпаққа бейбітшіліктің маңызын түсіндіру. Шараға Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Ерік Тулепкалиев, Семей жерінде әскер қызметте болған жерлестер, аудан азаматтары қатысты.

Шара барысында жүргізуші Семей ядролық полигонының жабылуының тарихи маңызына тоқталды. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, қазақ даласындағы ондаған жылға созылған ядролық сынақтарға нүкте қойылғаны атап өтілді. Ядролық сынақтардан зардап шеккендерді еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Шара басында сөз алған Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Ерік Тілекбайұлы Семей полигонының қасіретті турасында ойын жеткізіп, кезеңін бірқатар азаматтарды алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапаттады. Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хаты ҚР «Ерекше тәуекелді солдаттар» Бөрлі аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бимуратов Аманғалиға ұсынылды.

Сондай-ақ Бөрлі ауданы әкімінің алғыс хаты Джакеев Еркін, Абсатыров Ержан, Есбергенов Ержан, Мукашев Арман, Бекмагамбетов Мұсағали есімді азаматтарға табысталды. Бұдан бөлек, «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігі тарапынан да бірқатар азаматтарға марапаттарға ие болды. Шараның марапаттау бөлігінен кейін концерттік бағдарламаға ұласты. «Атомсыз әлем – ұрпаққа аманат!» шарасы – тарихты ұмытпай, бейбітшіліктің қадірін бағалауға үндейтін тағылымды кездесу болды.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы