1.09.2023, 16:18
Оқылды: 65

Бөрлі ауданында Білім күні атап өтілді

Жылдағы дәстүрге сай бүгін Бөрлі ауданының барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын өтті. Қаладағы№7 ЖОББМ-де өткен салтанатты шараға аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлжанат Сағынғалиева, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Шолпан Искиндирова және ардагер ұстаздар Алима Қабенқызы мен Сақыш Жолдыбайқызы қатысты.

A4521C07-1C70-481D-97FD-E5C47A06D636

Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталып, мектеп директоры Шолпан Досқалиеваның құттықтау сөзімен жалғасты.

– Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар және қонақтар бүгінгі білім күнімен баршаңызды құттықтаймын. Білім күні – дәстүрлі мереке. Жаңа оқу жылының басталуы құтты болсын. Адам баласы барлық арман, мақсаттарына тек білім арқылы ғана жете алады. Бүгін барлық білім беру мекемелері есіктерін айқара ашып,  білім нәрімен сусындауға келген отанымыздың жастарын, бүлдіршіндерін құшақ жая қарсы алуда. Биыл біздің мектепте көптеген жаңалықтар бар. Ең басты жаңалықтардың бірі – ұрпақтарымыз білімді, саналы болсын деп мемлекеттік модернизациялау бағдарламасы бойынша 3 кабинетіміз жаңа парталармен жабдықталды. Қазір мектепке жаңа математика және география кабинеттері келуде. Осы жұмыстардың барлығы еліміздің болашағы жарқын болсын деген мақсатта жасалуда. Ал ел болашағы біздің ұрпақтарымыздың қолында. Бүгін 150-ден астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттап отыр. Сіздердің білім әлемдеріңізге сәттілік тілеймін. Құрметті ата-аналар балаларыңызға саналы тәрбие беруде сздердің қолдауларыңыз аса маңызды. Сондықтан балалардың білім шыңына жету жолында бірлесіп еңбек етейік, - дейді мектеп басшысы Шолпан Ғаббасқызы.

Салтанатты жиын барысында мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары білім күніне арнаған өз өлеңдерін оқып, 11-сынып оқушысы Баянсұлу Қален мерекелік құттықтау сөз сөйледі. 11-сынып оқушылар 1-сынып оқушыларына білім жолында үлкен жетістікке жетсін деген ниетпен сыйлықтар табыс етті.

– Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен аудандық білім беру бөлімінің атынан құттықтаймын. Құрметті оқушылар тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдеріңізді кәдеге жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтар қатарынан болатындарыңызға сенеміз. Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатовтың «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деген ұлағатты сөзі бар. Жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп, осы жолға ғұмырын арнаған ұстаздарымыздың игі қызметтеріне табыс тілеймін. Мәртебелеріңізді асырар шәкірттеріңіз көп болғай. Жаңа оқу жылы жетістіктерге жетелесін, - деді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлжанат Амантайқызы.

Сонымен қатар саланатты шарада Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының атынан облыстық білім жүйесіндегі педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденісі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ақмарал Шүйінішқалиева Құрмет грамотасымен  марапатталды.

Қаламыздың №7 ЖОББ мектебі 2023-2024 жылғы оқу жылын 1-4 сыныптарда 451, 5-9 сыныптарда 485, 10-11 сыныптарда 92, яғни барлығы 1 028 оқушымен бастағалы тұр.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале