Ақсайлық үш көп балалы отбасыға Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов төрт бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Бұл үйлер олардың меншігіне өтпейді, тек жалға беріліп отыр. Батыр аналар иеленген баспаналардың жалпы аумағы 103,2 шаршы метр.
- Ауданда жүзге жуық көп балалы отбасы үй кезегінде тұр. Жоспар бойынша алдағы үш жылда оларға кезегімен үйдің кілтін табыстамақ ниеттеміз, - деді аудан әкімі Миржан Сатқанов.
- Мен бес балалы анамын. Бұған дейін пәтер жалдап тұрдық. Отағасы екеуіміздің табысымыз сол пәтерақыны төлеуге кететін. Енді өз үйіміз бар. Өте қуаныштымыз, - деді 2005 жылдан үй кезегінде тұрған Гүлсара Дүйсекенова.
Кәмелеттік жасқа толмаған 6 баланы өзі тәрбиелеп отырған Сәуле Расқалиева да жаңа қонысқа көшіп, өзінің аналық алғысын тебірене жеткізді. Ал төрт ұл, төрт қызы бар жалғыз басты әке Сейілхан Хамзиевтің бұл күнгі қуанышын сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Сүйікті жары осыдан үш жыл бұрын өмірден өтіпті.
Жалпы ауданда 406 көп балалы отбасы болса, соның 100-ге жуығы үй кезегінде тұрған көрінеді.
Айым Нұрғалиева
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер