8.04.2025, 15:30
Оқылды: 397

Бөрлі ауданының 90 жылдығына орай «QUIZ» ойыны өтті

Бөрлі ауданының 90 жылдығына орай Ақсай қаласының «Altyn Saray» мейрамханасында қазақша «QUIZ» интеллектуалды ойыны өтті. Аталған ойынды аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, аудандық Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Ақсай Қамқор» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Интеллектуалды ойынға әр түрлі салада жұмыс жасайтын жас мамандар қатысты.

куиз (1)

Шара жастарды зияткерлік ойындарға қатыстыру арқылы өзін-өзі дамыту мен шығармашылық ізденіске ынталандыру, аудан көлемінде интеллектуалдық ойындардың деңгейін арттыру  мақсатымен оздырылған. Еліміздің ертеңі саналатын жастардың сауатты әрі білімді болуы – заман талабы. Аталған зияткерлік ойын жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, ой-өрісін кеңейту үшін өткізілді. Қазіргі уақытта интеллектуалдық сайыстар кең таралып, ең білімді жандардың бас қосатын ортасына айналды. Осы уақытқа дейін де бұндай ойындар түрлі сала қызметкерлерінің арасында өткен болатын.

куиз (3)

Интеллектуалды ойынына 13 команда қатысты. Олар: «Shedevrum (№6 мектеп-лицей), «Smart Quins» (№7 ЖОББМ ), «Алмас Қылыш» (Бөрлі ауданы әкімдігі), «Оян Қазақ!» (Бөрлі колледжі), «Black Clever» (Қарағанды МББК), «Қыран» (Қарақұдық МББК), «SADAQ» (Бумакөл ауылдық округінің жастары), «Жас Live» (Александров МББК), «Білім – күш» (Ақсай техникалық колледжі), «Мәдени Vibe» (аудандық демалу орталығының жастары), «Кемеңгер» (Бөрлі қазақ мектебі), «Успен жастары» (Успен ауылдық округінің жастары), «IQ Girls» командасы (№3 ЖОББМ жастары).

«QUIZ» интеллектуалды ойыны 6 кезеңнен тұрды. Атап айтсақ, «Жауап бер!», «Тұлғаны таны», «Ортақ сөз», «Кино көрем», «Үш сөз» және «Бәс».

куиз (2)

Зияткерлік ойынның қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте аудандық демалу орталығының жастарынан құралған «Мәдени VIBE» командасы І орынға ие болды. Ал «SADAQ» командасындағы Бумакөл ауылдық округінің жастары ІІ, «Оян Қазақ!» командасындағы Бөрлі колледжінің жастары ІІІ орынмен марапатталды. Сонымен қатар «Алмас Қылыш» командасы «Жеңіске деген жігерлігі үшін», ал «Black Clever» командасы «Тапқырлығы үшін» аталымдарымен марапатталды.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале