БҚО Қоғамдық даму басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында аудандық мәдениет үйінде «Анаға тағзым» шарасы өтті.
Аталған жоба отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Шараға республикамыздың түкпір-түкпірінен аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиын барысында қатысушыларға «Салауатты сана» жобасының мақсаты, міндеттері түсіндірілді. «Салауатты сана» жобасы нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ұрлық сияқты әлеуметтік мәселелермен күресуге бағытталған.
– Санаға ненің әсер ететінін, оның қалай жұмыс істейтінін адамдардың көпшілігі біле бермейді. Сондықтан да біз халыққа адам санасының қалай жұмыс істейтінін түсіндіруді қолға алдық. Соның ішінде тәрбие, баламен қарым-қатынас, қалай қоғамның дертімен күресу керек, баламыздың санасын әлеуметтік желіден қалай шынайы өмірге тарту керек екендігі туралы сөз қозғадық, - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық «Психология және тұлғаны дамыту» орталығының директоры, клиникалық психолог, республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Резеда Баймұхаметова.
Қазіргі уақытта «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында еліміздің барлық аймағында түрлі шаралар өткізіліп жатыр.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы