Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында аудандық «Дәстүр – trend» фестивалі өткізілді.
Екі кезеңнен тұратын бұл фестивальдің мақсаты ұлттық салт-дәстүр мен қазақ мәдениетіне қызығушылықты ояту, қазақ халқының бай рухани қазынасын заманауи өркениетпен ұштастыру болатын.
«Атамекен», «Алтын», «Жеті қазына», «Қарашығанақ», «Шаңырақ» атты бес ауыл болып киіз үй тіккен. Осы бес команда ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып үлгілерін жиналғандарға жарыса көрсетті.
Ұлттық нақышта өрнектелген әр шаңырақта жас келіндер келген қонақды сәлем салып қарсы алып, әжелер жас келіндеріне бесік жырын үйретіп жатты. Әжелер қара өлең айтудан жарысқа түсіп, құлақ құрышын қандырды. Нан иленіп, құрт жасалып, дастархан бауырсақ, тары, талқан, жент сияқты ұлттық тағамдарға толды. Ақ сақалды аталар жамағатқа ақ батасын берсе, әр шаңырақ ауыл адамдарына бас табақ, құда табақ, күйеу табақ тартып, мәре-сәре болып жатты. Асық ойнаған, ләңгі тепкен жас балалар мәз-мейрам.
Фестивалдің ең әдемі жері киіз үй тігілген алаңдағы ұлттық киім киген қыз-қырқын, жігіт-желең болды.
Сонымен бірге ұлттық спорттың бірі - садақ атудан жарысқа түскен ұл мен қыз да «адырнасын ала өгіздей мөңіретті» десе болады. Ерлер арасында Мейрам Хайров пен әйелдер арасында Назгүл Кунакаева сұр мергендіктерімен ерекшеленді.
Ұлттық спорттан жарыстың ең бір тартысты түрі ат үстіндегі аударыспақ болды. Эльдар Михатов, Орынбасар Махамбетов, Арданат Собировтер нағыз атқа мінсе арқасы қозатын намысты ұлдар болса керек. Олар қарсыластарын ат үстінен аударып тастауда ешкімге жүлде бермеді. Ал ұлдар мен қыздар арасында қатар өткен өгіз тартыс шараның ең қызықты тұсы болды. Фестиваль жеңімпаздарын аудан әкімнің орынбасары Дулат Имашев алғысхаттар және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz