13.11.2023, 20:45
Оқылды: 23

Бөрліде садақ атудан жарыс өтті

Жақында қаламыздың «Жастар» стадионында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрі дәстүрлі садақ атудан жастар мен ересектер арасында аудандық ашық турнир өткен болатын. Жарысқа Ақжайық, Жәнібек, Сырым, Теректі және Орал қаласынан келген 20-дан астам садақшылар қатысты.

IMG-20231113-WA0282

Қазіргі кезде облысымызда садақ атумен айналысатын жастарымыз көптеген жарыстарға қатысып жүр.

Жарыс қорытындысында 35 метрлік «Орта Азия» нысанында І орынды оралдық Думан Жоламанұлы, ІІ орынды бөрлілік Нұрсұлтан Тәжғалиев , ал ІІІ орынға ақжайықтық Аслан Садуллаевтар ие болды.

IMG-20231113-WA0283

60 метрлік «Қалқан» нысанында оралдық садақшылар басым түсті. Аян Кеңесов пен Думан Жоламанұлы І және ІІ орын, ал Дәурен Кеңдібай ІІІ орынға қанағат тұтты. 30 метрлік «Жамбы» нысанында Асхат Ишанов І орын, Нұрсұлтан Тәжғалиев ІІ орын, Думан Жоламанұлы ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар жарыс демеушілерінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

Ұлттық спортты ұлықтаған ұл

Бүгінгі күні елімізде мерген жастардың қатары көбейіп келеді. Дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып жүргендер де баршылық. Ұлттық құндылығымызды жаңғырту үшін өңірлерде садақ атуды үйрететін арнайы орталықтар да ашылып жатыр.

IMG-20231113-WA0316

Қазіргі уақытта орталық ашып, Бөрлі ауданының халқын садақ атуға баулып жүргендерің бірі – Нұрсұлтан Тәжғалиев. Ол садаққа бір жыл бұрын ғана қызыға бастаған. Жұмыс жасап жүрген жеріндегі бастығының бөлмесінде ілулі тұрған садаққа көзі түсіп, қызығыпты. Бастығынан сұрап алып, садақпен таныса бастаған. Сөйтіп, жан-жақтан сұрап, облысымыздағы садақпен айналысатын жігіттерді тауып, олардан бар білгендерін үйренген.

- Садақ ату шыдамдылықты талап ететін спорт түрі болып саналады. Оны үйрену оңай деп айта алмаймын. Әр адам қабілетіне қарай меңгереді. Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының садақ атуға деген қызығушылығы артып келеді. Зерттей келе, садақ ату облысымызда қатты дамымағанын байқадым. Менің де ұлттық спорт түріміздің дамуына бір үлесім болсын деп, наурыз айында садақ атуды үйрететін орталық аштым. Ортлықтың атын қояр кезде көп ойландым. Содан «Дәлдік аймағы» деп қойдым. Орталыққа кішкентай баладан бастап, үлкен ер азаматтарға дейін келіп, садақ атуды үйренеді. Нысананы көздеуге жаттықтыру үшін тир алаңы мен қосымша теннис үстелін де бар. Негізінен, басты назарым садақта. Осы уақытқа дейін неше түрлі жарыстарға қатысып, жаттықтым. Бірде жүлделі болсам, кей кезде жеңіліп те қалған кездерім болды. Жарыс барысында көптен бері айналысып келе жатқан садақшылардан кеңес сұрап, біраз ақпарат алдым. Оқушыларымды да жарыстарға қатыстырдым. Ауданымыз неше түрлі спорт түрінен әрдайым алдыңғы қатарда көрінеді. Сол сияқты ұлттық спорт түріміз садақ атудан да оқушыларымыздың жеңіске жеткенін қалаймын, - дейді кейіпкеріміз.

IMG-20231113-WA0284

Қазіргі таңда орталық жөндеу жұмыстарына байланысты жабық. Жақында қайтадан ашылады. Жаттықтырушының айтуы бойынша, күнделікті ата-аналар хабарласып, балаларына садақ атуды үйреткісі келетіндерін айтып, орталықтың қашаннан бастап жұмыс жасайтынын сұрап жатады екен. «Шешеннің сөзі − мерген, шебердің көзі – мерген» дегендей, садақ атқысы келетін қыздардың да қарасы көп екен. Қазір жерлесіміз орталығын дамыту мақсатында мемлекеттік грантқа тапсырып көрсем деп ойлануда. Басқа облыстарда садақшылардың мемлекеттік грант ұтып алғанын естіп, ол да ауданымызда садақ атуды дамыту үшін бұл мүмкіндікті пайдаланбақшы. Жаттықтырушы болып жүрген кейіпкеріміз садақ пен жебені қалай пайдалану керектігін, қалай дұрыс атуды үйретеді. Кейіпкеріміз бірнеше жарыстардың жүлдегері. Ол ұлттық спорт түрлерінен БҚО VI фестивалінде дәстүрлі садақ ату бойынша І орын, жамбы атудан ІІІ орын иегері.

Кейіпкеріміздің алға қойған мақсаттарының бірі – ұлттық спортты дамытуға өз үлесін қосу. Ол дәстүрлі спорт түріне қосылған садақ ату спортының болашағы зор деп санайды.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі аудан­ы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале