Бірнеше күннен бері Бөрлі ауданындағы Жайық бойындағы Бумакөл, Жарсуат, Бөрлі елді мекендерін топан судан қорғау бағытындағы ауыл іргелерін, жағалауды бекіту жұмысына ауылдың еңбек ұжымдары, студенттер мен оқытушылар, еріктілері қатысуда. Қазіргі таңда Қарағанды, Кеңтүбек ауылдарының еңбек жасақтары мен ауыр техникасы да жұмылдырылды. Сонымен қатар маңызы зор жұмыстарға белсенді араласқан «ДСК Приоритет» ЖШС, «АПР Қазақстан Компаниясы» жұмысшыларының көмегі зор.
Бөрлі ауылының орталығында ұйымдастырылған алаңда құмды қаптау, су жағалауына жеткізу, бекіту жұмысына атсалысып жатқан үлкенді-кішінің тілегі бір. Бір күннің өзінде 140 тонна құмды еңсерген еңбек жасақтарына демеу беріп, ыстық тамақпен, ауыз сумен қамтып жатқан жергілікті кәсіпкерлер мен мектеп қызметкерлері Бөрлі колледжінің ұжымы да өз үлестерін қосуда.
Қолына күрек ұстап, жүректері жақсылық жасауға ұмтылған бөрліліктердің қатарында Бөрлі ЖОББМ №1 мектебінің оқушылары да бар. Сырттан нұсқау күтпей, өз ниеттерін іспен жеткізген жасөспірімдердің бұл тірліктеріне ел риза. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бөрлі ауылына Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз бұл күні ерекше бастаманы қолдарына алды.
Алғаш болып 2004 жылы Бөрлі жерін аттаған Сәрсенбаевтар әулетінің қолдау көрсету туралы ұсынысын кейінірек осы жерді мекендеген қандастарымыздың 11 отбасы қолдады. Көпке үлгі болатындай істі атқарған Абдулла Сәрсенбаев, Құндыз Арипова, Эльмира Балкиева, Құрбангүл Балкиева, Сәуле Иманкулова, Зухра Икласова, Бахытжан Сарсенбаева далада жүрген азаматтарға палау асып, бауырсақ пісіріп, ел амандығын тіледі. «Күшіміз – бірлікте!» ұраны бүгінде талай мәрте сыналатын болады. Сөзі мен істеріне айырма салмай, қазақ халқы бұл сыннан да сүрінбей өткей.
Айжарық Нұр,
Бөрлі ауданы