5.10.2024, 9:11
Оқылды: 12

Бөрліде ұстаздар күні аталып өтті

5 қазан – елімізде мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі. Жыл сайын қазан айы басталса, оқушылар осы мерекеге дайындалып, өздерін оқытып жатырған мұғалімдеріне арнайы сыйлықтар мен құттықтаулар дайындайды. Бөрлі ауданында мерекеге орай ұстаздарға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылды.

ардагерлермен кездесу (3)

Бұл айтулы күннен ардагер ұстаздарда шет қалмады.
Биыл Ақсай қаласының №3 ЖОББ мектебінде мерекеге орай «Ұстаздар жолы ұлылық» атты ардагер ұстаздармен кездесу өтті. Мерекелік кешке Бөрлі ауданында қажырлы еңбек етіп, балалардың білім алуы жолында аянбай жұмыстанған биылғы жылы мерейлі жасқа толатын ардагер ұстаздарымыз жиналды.

Кездесуге аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов, аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоғжанов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Тржанова, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ауданымыздың құрметті азаматы, ардагер ұстаз Роза Ахметовалар арнайы қатысып, ардагер ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады.
- Әлемнің 100-ден астам мемлекетінде 1994 жылдан бері ұстаздар мерекесі аталып өтіледі. Бұл мереке мұғалімдердің, жалпы барлық оқытушылардың, білім беру саласына қатысты қызметкерлердің мерекесі деп білеміз. Мереке қарсаңында өздеріңізбен кездесу маған үлкен мәртебе. Сіздер ақыл кеңестеріңізбен, тәжірибелеріңізбен талай жас буынды тәрбиеледіңіздер. Бүгінгі күні сол жастар аудан, облыс, тіпті еліміздің дамуына үлкен еңбек сіңіріп отырған жандар. Келіп жеткен мерекелеріңіз құтты болсын, - деп құттықтай отыра аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы, ардагер ұстаздарға арнайы гүл шоқтарын сыйлады.

ардагерлермен кездесу (1)
Сонымен қатар аудан әкімі биыл 70, 75, 80, 85, 90 жасқа толған ардагерлерді мерейлі жастарымен құттықтады. Шара барысында қатысушыларға ауданымыздың қазіргі білім беру саласы, жүйесі туралы арнайы дайындалған видео көрсетілді.
- Мен Ақсай қаласының №7 ЖОББМ-де 2004-2020 жылдар аралығында жұмыс жасадым. Соның ішінде 8 жыл мектеп директоры болдым. Қазіргі уақытта мектепте өзгерістер көп. Кабинеттер жаңадан жабдықталып, әр кабинетке электрондық тақталар орнатылған. Бұл мұғалімдердің оқушыларға сапалы білім беруіне және сабақтарды қызықты өткізуіне көмектеседі. Білім саласындағы оң өзгерістер балаларымыздың білім сапасын жақсартуға әсер етеді. Ұстаздарымыздың еңбектері жемісті болсын. Барлық ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймын, - дейді саналы ғұмырын балаларды оқытуға арнаған, білім саласында 40 жылдан астам уақыт жұмыс жасаған ардагер ұстаз, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Мариям Сиражева.

ардагерлермен кездесу
Кездесу кеші №3 ЖОББМ-тің психологтары дайындаған «Жылы жүрек, аялы алақан» атты ардагерлерге арналған тақырыптық сабақтарға ұласты.

Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале