7.04.2023, 17:00
Оқылды: 26

Бөрліде зейнеткерлерге арналған орталық ашылды

Ақсай қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен, «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ауданның зейнеткерлеріне арналған «Белсенді ұзақ өмір орталығының» ашылу салтанаты өтті.

орталық6

Орталықтың басты мақсаты аудандағы зейнеткерлердің бос уақытын ұйымдастырып, спортпен шұғылдандырып, белсенді өмір сүруге ынталандыру.

Шара әжелердің шашуымен ашылып, ауданның құрметті азаматы Садық Хабибұлының батасымен басталды. Орталық ғимаратының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Ерманов қатысты.

Шара барысында халықтық «Ақ жаулықты әжелер» ансамблі ән айтып, зейнеткерлеріміз оларға қосылып ән шырқады.

- Барлығыңызды аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлының атынан ашылып жатқан орталықпен құттықтаймын. Қарты бар ел – қазыналы ел дегендей, ауданның өсіп, өркендеуінде сіздердің де еңбектеріңіз бар. Аудандағы қарт адамдардың уақыттарын тиімді өткізіп, жақсы көңіл-күй сыйлау мақсатында осындай жоба жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы зейнеткерлерімізге амандық тілеймін, - дейді аудан әкімінің орынбасары Асланбек Ахметоллаұлы.

орталық4

Орталықтың бірінші қабатында демалыс және спорт бөлмесі, ал екінші қабатында ағылшын, қазақ тілі, заңгер, психолог, информатика және би бөлмелері орналасқан. Сонымен қатар медбике және қолөнер бұрышы да бар.

орталық2

- «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігі Бөрлі ауданының «Белсенді ұзақ өмір» орталығының жобасын жүзеге асырып жатыр. Орталықта 10 қызметкер бар. Заңгер, психолог, спорт жаттықтырушысы және қазақ тілі мен ағылшын, информатикадан беретін мамандар қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда 30-дан аса келушіміз бар. Зейнеткерлердің сұранысы бойынша алдағы уақытта домбыра, қолөнер сағаттары және би үйірмесі ашылады. Таңертең зейнеткерлеріміз келген кезде ең бірінші спортпен шұғылданады. Содан кейін әр түрлі сабақтарға қатысады. Сабақтары аяқталғаннан кейін шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды. Ән айтып, билейді. Орталық зейнеткерлерді таңертең 9-дан түскі 13:00-ге дейін қабылдайды. Ұрпақтар сабақтастығы негізінде жастармен кездесулер өткізіп, облыстағы музейдерді аралап тұрамыз. Мерекелерді қарттарымызбен бірге тойлаймыз, - дейді «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айда Мектепқалиева.

«Белсенді ұзақ өмір» орталығы Жастар көшесі 20/2 үй мекенжайында орналасқан.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале