Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні. Биыл Қазақстан халқы бұл мерекені 30-шы рет атап өтіп жатыр. Айтулы датаға орай Бөрлі ауданы орталығында бір мезетте гимн орындау шарасынан кейін, 30 автокөліктен құралған автошеру ұйымдастырылды.
«Қарашығанақ» спорт кешенінен бастау алған автошеру қаланың барлық бөлігін қамтыды.
Патриоттық әндерді әуелете жүріп, көк байрақты биікте желбіретіп, қаз-қатар бой түзеп өткен автошеруді көрген тұрғындардың бірі қол соғып, бірі қол бұлғап тұрды.
Бейбіт күнде, көк байрағымыз биікте желбіреп, асқақ көрінуі кім-кімді де елжіретері сөзсіз.
«Мемлекеттік рәмізге құрмет - елін сүйген әрбір азаматтың парызы. Елім деген азаматтармен бірге бүгін автошеру өткізіп, мемлекеттік нышандарымыз ұлықталуда. Бұл жердегі әрбір сәт барша адамзатты, патриоттыққа, отансүйгіштікке шақырғандай әсер қалдырары сөзсіз. Шеруге еріктілер, жастар ұйымының өкілдері мен аудан тұрғындары ат салысты. Менің ойымша, мұндай шаралар жастарға жақсы әсерін береді»,- деді шеруден соң аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Руслан Азаматов.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz