11.03.2026, 18:00
Оқылды: 7

Бөрлілік мейірімді мейірбике Гүлімай

«Жаныңда жүр жақсы адам» қағидаты бойынша біз бүгін қайырымды да мейрімді жан Гүлімай туралы әңгімелемекпіз. Сарсенбаева Гүлімай Қайырбайқызы көршілес, ауылы аралас, қойы қоралас Теректі ауданында туып-өскен. Бірақ соңғы 10 шақты жылда біздің Бөрлі ауданында жемісті жұмыс жасап келеді. Бір қуантарлығы ол кішкентай кезінен ақ болашақта кім болатынын білген. Соған ұмтылған.

Сарсенбаева

Мектеп кабырғасында биология, химия пәндері бойынша аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болған. Яғни өзін адамдарға ылғи да көмек қолын созатын, қайымды жан мейірбике ретінде көре білген. Мектеп өміріне белсене қатысып творчествалық тұрғыда дамыған, ауылдық мәдениет үйінде би, ән үйірмелеріне қатысып аудандық жарыстардан жүлделі орын алып жүрсе де шешуші сәтке келгенде өнерді емес, медицинаны таңдаған. Осылайша 2011 жылы «Батыс Қазақстан медицина колледжі» МКҚК оқуға түсіп, оны  2014 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Колледж қабырғасында Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы облыстық аурухана бөлімдерінде, инфекциялық ауруханасында, 1, 2, 3, 4, 5 қалалық емханаларда, облыстық перзентхана, дерматовенерологиялық аурухана, қан орталығында, қалалық жедел жәрдем станцияларында әр салаларда тәжірибе алады. 2014 жылы жолдама бойынша БҚО Теректі ауданы Төңкеріс ВА медбике ретінде жіберілгенде үлкен қуанышта болады. Бар тәжіибесімен бөлісіп, құштарлықпен қызмет етеді. Жолдама уақыты біткенен кейін, 2015 жылы  шағын болса да қала аты бар Ақсайда қызмет жасап көруді ұйғарады. Сөйтіп,  «Медикер Аксай» ЖШС-інде фельдшер қызметіне кіріседі. Содан кейін «Мереке» ЖШС -інде фармацевт қызметінде бақ сынайды. Екі жұмыста да үлкен тәжірибе жинақтайды. Ал 2020 жылы Бөрлі мектеп жанындағы интернатта емдәмбике қызметін атқаруға кіріседі. Жұмысқа бар ынта шынтасымен кіріскен маман сол жылдары  медбике қызметін де қоса атқарады.  2019 жылы «Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасының Бөрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» КММ-нің тамақтану мейірбикесі ретінде қабылданып әлі күнге дейін жұмыс жасауда. Еңбегі еленбей қалған жоқ. 2023 жылы әлеуметтік сала қызметкерлері күніне орай Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасының басшысы А. Кушкинбаевтың алғыс хатына ие болды.  Әлеуметтік саланың кәсіби деңгейі жоғары маманы,  ізгілік қасиеттерді бойына сіңірген шебер де нәзік жүректі жан үнемі ізденіс үстінде жүреді.  Өз өзін дамытуды ешқашан тоқтатқан емес. 2024 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетін «Мейіргер ісі» бакалавры мамандығына ие болуы осы сөзіміздің дәлелі.  2025 жылы 8 наурызда адал еңбегі үшін Халықаралық әйелдер мейрамына орай мекеме басшысы А.Ф. Кенжиннің атынан алғыс хатпен марапатталды.

Гүлімайдың ең үлкен жетістігі 2025 жылы болды. Тынымсыз еңбек пен адамдарға деген үлкен махаббатпен жұмыс жасау өз нәтижесін берді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялауына орай еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру және «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына сай  ұлттық құндылықтарды қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың арасында өткізілген «Тәуелсіз Қазақстанның Кемел тұлғалары» атты республикалық байқауға мекеме атынан қатысқан диеталық тамақ жөніндегі мейірбике маманы Сарсенбаева Гүлімай Қайырбайқызы жеңімпаздар қатарынан  табылды. Астана қаласында «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының директоры А.Б. Сатылғановтың қолынан диплом алды және төс белгімен марапатталды.

«Сарсенбаева Гүлімай Қайырбайқызы отбасында жалғыз қыз. Әкесі зейнеткер, анасы аспаз. Жанұясында мейірім шуағына бөленіп өскен. Сондықтан да болар айналасына үнемі шуақ шашып, жылу сыйлап жүреді. Жан жары Рахат Сарсенбаев  екеуі алтындай екі қыз өсріп отыр. Ұжымдастары арасында беделді, абыройлы. Қоғамдық жұмыста да өте белсенді.  Сондықтан даөз мекемеміздің атынан 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, еңбегі үшін алғыс айтып, толағай табыстар тілейміз»  дейді Бөрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директоры Асылбек Кенжин.

«Жақсы десе жан сүйсінеді» дегендей, ауданымыздың атын шығарып жүрген осындай білікті маманның жетістіктері үшін  біз де марқайып қалдық.

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале