Бөрлі ауданы әкімі Миржан Сатқанов кеше ғана «Жайық барысы» атанған, ауданымыздың мақтанышы, чемпион Темірлан Көлбайды арнайы қабылдады.
Өз қабылдауында аудан басшысы Темірланға жетістіктері үшін қуана алғысын білдіріп, сәттілік тіледі. Оған қоса спорт шеберіне алғысхатпен бірге демеушілер атынан 200 мың теңгелік сертификат табыс етті.
Айта кетейік, Темірлан Көлбай мереке күндері Орал қаласында өткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» облыстық іріктеу турниріне қатысқан болатын. 12 ауданнан және Орал қаласынан 14 палуан қатысқан додада Бөрлі ауданының намысын қорғап барған Темірлан Көлбай жеңімпаз атанып, мерейімізді асырды. Тарқатып айтсақ, Темірлан өңірдегі барыстардың ішінен дараланып, «Жайық барысы» атанды. Ол енді алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Республикалық кезеңде Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz