27.11.2024, 9:15
Оқылды: 9

Бөрлілік жас суретшілер шыққан шың

Сурет салу – біреуге табиғатынан дарыған талант болса, енді біреуге тынбай еңбектенудің арқасында жеткен жетістік. Қазіргі таңда балаларды сурет салуға үйрететін үйірмелер, орталықтар көп. Осы орталықтардың арқасында балалар сурет салуды үйреніп қана қоймай, неше түрлі жарыстарға қатысып, шетелдерге байқауға да барады. Осындай орталықтардың бірі – «ARTmasters» өнер орталығы.

2fd5a464-6401-4fa0-bc19-3e81e5f92704

Ақсай қаласындағы «ARTmasters» өнер орталығының дарынды суретшілері туралы газетімізде мақалалар жазылып тұрады. Бұл жолы да осы орталықтың оқушылары туралы айтқымыз келеді. Солардың бірі – Адия Саимова.

Адияның аталған өнер орталығына барып жүргеніне биыл – екі жыл. Қазіргі таңда Ақсай қаласындағы №3 ЖОББМ-те 3-сыныпта оқиды. Сегіз жасар кішкентай суретшіміз жасына қарамастан бірнеше жарыстарға да барып, жеңімпаз атанған. Осы жылдың наурыз айында Астана қаласында өткен халықаралық жарыста бас жүлде, қазан айында Түркияның Стамбұл қаласында өткен халықаралық жарыстанда бас жүлде иеленген. Анасы Айжан Ташимованың айтуынша, Адия кішкентай кезінен сурет салып, қолдан неше түрлі заттарды жасағанды жақсы көреді екен.

c42eca1f-8b1e-42ce-bdce-3af7073fcb8a

– Биыл «Жұлдыз Арт Қазақстан» атты байқау Түркия елінің Ыстамбұл қаласында 23-27 қазан аралығында өтті. Қазақстаннан барлығы 200 адам тур арқылы барды. Турдың арқасында екі күн Ыстамбұл қаласының атақты музейлеріне саяхаттап, Сұлтан Ахмет, Ая-София мешіттерін көрдік. Сонымен қатар Босфорға барып үлкен кемемен жүздік. Ыстамбұлдың көптеген аймақтарын көрдік. Истиклял көшесінде дүкендер аралап, Галата мұнарасын да көріп қайттық. Жарысқа өте көңілді көңіл-күймен қатыстық. Барлығы жоғары деңгейде өтті, - дейді «ARTmasters» өнер орталығының негізін қалаушы, ұстаз, суретші және жетекші Ләззат Есенқұлқызы.

fb968006-5027-4ba0-a9c3-a24f5578d7c4

«ARTmasters» өнер орталығында жас шектелмейді. Орталыққа кішкентай балалардан бастап жасөспірімдерге дейін, тіпті ересек адамдар да қатыса алады. Солардың бірі 16 жастағы – Айсу Жұбандық. Қазіргі таңда Айсу қаладағы №4 ЖОББ мектебінде 11-сыныпта оқиды. Ол сурет салумен сегіз жасынан айналысып келеді екен. Айсу сурет салуды тек хобби емес, өмірінің маңызды бөлігі санайды.

04d9268f-dc49-45b7-a97d-45ad67e8bd1f

– Жақында мен Ыстамбұл қаласында өткен халықаралық байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Бұл жеңіс мен үшін ерекше, себебі мен болашақта өнер мен сәулет саласында үлкен жетістіктерге жетуді армандаймын. Байқау маған Ыстамбұлдың мәдениетінен шабыт алуға, талантты адамдармен танысуға және өз күшіме сенуге мүмкіндік берді. Мені қолдаған ұстаздарыма, жақындарыма алғысым шексіз. Бұл жеңіс – менің болашақ жетістіктерімнің бастауы, - дейді Айсу Жұбандық.

«Шеберлікке шек жоқ» демекші, болашақта осы балалардың еліміздің атын шығарып, дамуына септігін тигізетініне біз сенеміз.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале