11.09.2024, 16:00
Оқылды: 104

Бөрлілік жігіттер әскерге аттанды

Әскерге бару – еліміздің әр азаматының борышы. 1 қыркүйекте елімізде әскерге шақыртудың күзгі науқаны басталды. Жас буынға патриоттық тәрбие беру – еліміздің басты мақсатының бірі. Кейбір азаматтар әскердегі мерзімді қызметтерін аяқтағаннан кейін қорғаныс немесе ішкі істер министрлігінде, Ұлттық ұланда немесе шекара қызметінде одан әрі қызмет жасау туралы шешім қабылдай алады. Қазіргі уақытта Бөрлі ауданында 410 жас әскерге бару жасында.

F54F8E1D-90A0-48D4-902A-CC8A1F460152

Жақында Ақсай қаласындағы Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерге арналған алаңда әскер қатарына шақырылғандарды шығарып салу рәсімі өтті. Жас сарбаздар алдағы уақытта ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің әскер қатарына қабылданады.

Қазіргі таңда аудан бойынша 17 адам аудандық және облыстық комиссиялардан өтіп, Отан алдындағы борыштарын өтеуге дайын.

Шараға Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықов, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің ардагері Е.Ағыс, болашақ сарбаздар, АТК студенттері, әскери қызметшілер, шекарашылар және ата-аналар қатысты.

42600CB6-A7DB-4165-8E8B-675559A298F5

Кеш қонақтары болашақ сарбаздардың әскери борыштарын аман-есен атқарып келулеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар өз тәжірибесімен бөлісу үшін «Ақсай» шекара бөлімшесінің сарбазы Сиябуш Елеубай анасымен бірге келді.

– Мен қатардағы жауынгермін. 2023 жылдың қыркүйек айында Отан алдындағы борышымды Маңғыстау облысы Қарақия ауданының шекара басқармасында өтеуге аттандым. Алты ай уақыттан кейін келісімшарт бойынша ауданымызда орналасқан «Ақсай» шекара бөлімшесіне кіші бақылаушы міндетін атқаруға ауыстым. Әскер өмір мектебі, одан қашудың қажеті жоқ. Шекара қызметіне барғандар мен сияқты өзінің туған жерінде келісімшарт бойынша жұмыс істей алады. Әскери адамдарға қазіргі уақытта барлық жағдай жасалған. Мен төрт айдан бері шекаралық бөлімшеде жұмыс жасап жатырмын. Ата-анам басында қарсы болды. Бірақ кейіннен келісім берді. Маған сеніп, әскерге аттануыма рұқсаттарын берді, - дейді «Ақсай» шекара бөлімшесінің сарбазы Сиябуш Елеубай.

Алдағы уақыттағы бір жылын әскери өмірдің қатал тәртібімен сүретін жастарға шара соңында естелік сыйлықтар табыс етілді.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале