21.05.2025, 15:30
Оқылды: 503

Бөрліліктер бірінші орында

Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық спартакиаданың ІІ кезеңі өз мәресіне жетті.

ef1943ce-f30b-4b2f-b15a-191802b33f0a

Ауданда мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық спартакиада достық пен сергектіктің жарқын үлгісі болды. Бөрлі ауданы үлкен спорт мерекесінің алаңына айналды. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілері арасында дәстүрлі түрде өткізілетін облыстық спартакиада Бөрлі жерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл ауқымды спорттық іс-шара мемлекеттік қызметшілер арасында саламатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, әріптестік пен достық қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосты.

5d4877bb-b7dd-4a5e-b939-d26eb173062c

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  БҚО бойынша департаменті басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхтар Нұрмақов қатысушыларға сәттілік тілеп, мемлекеттік қызметшілердің тек кәсіби салада емес, спортта да белсенді болуы қоғам үшін үлгі екенін атап өтті.

91e8bcd0-f8da-407d-9112-e2a8cd7356c3

Тартысты жарыстар мен мықтылар додасында қатысушылар шағын футбол, волейбол, жеңіл атлетика, арқан тарту, гір көтеру, жүзу, қазақ күресі сияқты спорт түрлерінен кім мықтыны анықтады. Командалық рух, әділ жарыс және достық атмосфера жарыстың басты ұранына айналды.

Спартакиада барысында мемлекеттік қызметшілердің бойындағы күш-жігер, табандылық, жеңіске деген құштарлық ерекше байқалды. Бұл жарыстар олардың тек кәсіби маман емес, жан-жақты дамыған тұлға екенін көрсетті. Жарыс барысында әрбір қатысушы спорттың қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте сезініп, денсаулықты күту мен белсенді өмір сүрудің құндылығына көз жеткізді.

6f8476ae-3c78-42f4-b448-7bcffafd069c

Гір спорты бойынша 78 келі салмақта Аслан Бижанов, Асхат Ермұханов, Оралбек Кенханов үздік атанса, 85 келі салмақта Алтай Тоғжанов, Исламбек Самбаев, Армат Мансуров, ал +85 келі салмақ дәрежесі бойынша Исатай Қарабаев, Ернар Гадимов, Әлібек Канафин жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қазақ күресі бойынша 74 келі салмақ дәрежесінде Ернар Жүсіпов үздік шықса, Ержігіт Бигалиев, Еділ Елемесов, Нұрберген Абденжанов мықтылығын танытты. Белдесудің 82 келі салмақ дәрежесінде Темірлан Ғаббасов, Айдар Еркінов, Руслан Нұралиев, Бақытжан Шабақовтар жүлдеге ілікті. 90 келі салмақ дәрежесінде Айдархан Өтеғали топ жарса, Фарит Шәріпов, Ринат Искендиров, Ренат Өтебаевтар жүлдегер атанды. 100 келі салмақ дәрежесінде Еламан Сағатұлы, Серік Тоқмамбетов, Мейрімбек Хайруллин, Нарымбек Қаймулдинов жүлде еншіледі. Ауыр +100 келі салмақ дәрежесінде Асхат Мұлдағалиев, Дастан Хансұлтанов, Фархат Уахитов, Ернұр Құмарғали жүлдеге қол жеткізді.

aa595a9f-f1ab-4747-b345-fd6295891236

Жүзу спорты бойынша  ерлер арасында 50 метрге еркін және арқамен жүзуде Ринат Утебаев, Қанат Умралиев, Ағырыс Уралбаев және Арданат Қаратай, Асхат Аралбаев мықтылығын көрсетті. Әйелдер арасында 25 метрге еркін жүзу және арқамен жүзу сынында Жанар Жұмашева, Гульфайруз Ерғалиева, Альфия Хабиева, сонымен  бірге Жанар Жумашева, Марина Авдиева, Мәншүк Байбаракова жүлдені қанжығалады.

542233ed-fcae-4060-b1fe-34e4645bbf51

Жеңіл атлетика бойынша ерлер арасында түрлі қашықтықта Манат Қуандықов, Мұхтар Жоламанов, Санжар Айтмұханов, Ағарыс Уралбаев, Арсен Жасталап, Қуанышбек Булатов желден жүйрік атанды. Әйелдер арасында Анель Курманова, Айсұлу Димашева, Гүлфайруз Ергалиева, Фариза Махамбетова, Гүлдана Байғазиева есімді қатысушылар барлығын шаң қаптырды.

Білек күші мен команданың бірлігі сынға түскен арқан тарту сайысында Қазталов ауданы үздік атанса, Бөрлі ауданы екінші, Жәнібек ауданы үшінші орынға табан тіреді.

Волейболдан ерлер арасындағы бәсекеде БҚО әкімдігі бірінші орын алды. Екінші орынға Қазталов, үшінші орынға Ақжайық ауданы қол жеткізді. Волейболдан әйелдер арасындағы тартыста Бөрлі ауданы бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орын Тасқала ауданына, үшінші орын БҚО әкімдігіне бұйырды.

e099740a-0bc1-4dd6-be8c-05d08bfcf0c4

Футболдан Қазталов ауданы мықтылығын танытты. БҚО әкімдігі екінші, Жәнібек ауданы үшінші орынға табан тіреді.

c585f732-45b6-4d84-88f0-eb84eb2039de

Жалпыкомандалық есеп бойынша Бөрлі ауданы үздік атанып, жеңімпаз болды. Екінші орынды БҚО әкімдігі командасы еншілесе, Қазталов ауданы жүлделі үшінші орынға жайғасты.

cb7fec62-76f1-456b-a531-cd554b65280e

Бөрлі ауданында өткен бұл облыстық спартакиада мемлекеттік қызметшілер арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақты, саламатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызды іс-шара ретінде есте қалды.

Мейрамбек Сыдықов

Бөрлі ауданы

bb0bf11c-36fa-4177-84b7-129223ccf152

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале