30.06.2026, 11:00
Оқылды: 15

Бостандықтан шыққан балуан Азия чемпионатының күміс жүлдегері

Казталов ауданның спорт қоржыны тағы бір толағай жетістікпен толықты. Бостандық ауылының тумасы, жас балуан Ерсұлтан Сүлеймен Таиландтың Паттайя қаласында өткен U15 жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, күміс жүлдеге ие болды.

image-30-06-26-10-16-1

Ерсұлтан Миржанұлы 2011 жылы туған. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқушысы. Жас спортшы 75 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, Азияның үздік балуандарымен күш сынасып, жоғары шеберлігін дәлелдеді.

Айта кетейік, ол биыл Тараз қаласында өткен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 75 келі салмақта ел чемпионы атанып, құрлық біріншілігіне жолдама алған болатын.

Сонымен қатар Ерсұлтанның спорттағы жетістіктері мұнымен шектелмейді. Ол 2026 жылғы Батыс Қазақстан облысының чемпионы, сондай-ақ 2025–2026 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында, Атырау облысының Индер және Құрманғазы аудандарында, Ақтаудағы Жаңаөзен қаласында, сондай-ақ Ресей Федерациясының Дағыстан Республикасындағы халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрінген тәжірибелі жас балуан.

Ерсұлтанның әкесі Миржан Сүлейменұлы Бақтубаев Казталов ауданының Бостандық ауылының тумасы. Бүгінде отбасы Орал қаласында тұрса да, туған жермен байланысын үзбей, ауданның абыройын асқақтатып келеді.

 

Асылбек Нәсіпқалиұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале