Өскелең ұрпаққа үлгі болар бүгінгі Дүниежүзілік ағаш отырғызу күніне орай бөрліліктер 1600 түп тал-терек отырғызды. Сәуір айынының басында басталған экологиялық сенбілік бүгін өз жалғасын тауып, ауданның көгалдануына үлесін қосты.
«Жасыл қала - Ақсай!» Ақсай қаласының тұрғындары бүгін осындай бастамамен экологиялық сенбілік өткізді. Шаһарды көгалдандыру ісіне бұл жолы мемлекеттік, дербес бөлім қызметкерлері, депутаттар, жастар бел шеше кірісті. Олардың белсенді әрекеттері арқасында оңтүстік айналма жол бойындағы жасыл белдеуге көктерек, қараағаш секілді ағаш көшеттері отырғызылды.
-Шаһардың оңтүстік аймағына 4 шақырымдай қоршау салынып, 2021 жылдың күзінде жиде, көктерек, қараағаш отырғызған едік. Қазір жиде ағашы жақсы өсіп тұр. Көктерек пен қараағашты тек бұрынғы тамыры жайыла алмаған ағаштардың орнына ғана отырғызып жатырмыз. Бүгінгі шарада бұдан бөлек шағынаудандағы пәтер иелері коопративі мен мүлік иелерінің бірлестіктерінің сұранысы бойынша көшеттер берілді. Қазір оларды отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, әлеуметтік нысандар, мәселен аудандық емхана, «Қарашығанақ» спорт кешені, білім беру нысандары да тал-терек отырғызып, экологиялық акцияға атсалысып жатыр. Әрине, аудандық ТҮКШжАЖ бөлімі мен Ақсай қаласы әкімдігінің қаланы күтіп ұстау үшін анықталған мердігерлері «Докостройком» мен «Зеленстрой» серіктестіктері бұл жұмыстарға белсене қатысып, Абай даңғылы, Халықтар Достығы, Әл-Фараби көшелеріне аққайын, терек, шырша отырғызуда. Ағаш көшеттері Орал қаласынан алып келінді, - дейді қала әкімі Арсен Толқынұлы.
Өңірдегі халық қалаулылары да жаппай ағаш егу акциясына белсенділік танытып жатыр. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Жасталап Құрманқұлов 10 шағынауданда жаңадан салынып жатқан тынымбаққа 10 түп емен ағашын отырғызса, аудандық маслихат депуттары тұрғындарды акцияға атсалысуға шақырады.
Орман шаруашылығы мекемесіне 19 жыл қызмет атқарған, бүгінде аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаев шараның басы-қасында болып, көгалдандыру жұмыстарына қолдау көрсетті. Және де күтіп, баптау жұмыстарын көпке түсіндіріп, «ағаш егу - атадан балаға мирас болған сауапты іс. Бұл сауапты іс бұнымен тоқтамауы керек» деп, өзгелерді де шараға атсалысуға шақырды.
-2002 жылы Бөрлі ауылына қоныс аударғаннан бастап, жыл сайын отбасымызбен керемет үрдіс қалыптастырып, ауламызға ағаш егуді қолға алдық. Соның арқасында үйімізде жасылқылқанды жапырақты ағаштың 4 түрі, жеміс ағаштарынан алма, алмұрт, өрік, шие сынды түрлері бар. Жидектің де түр-түрі егілді. Одан өзге әріптестерімізбен бірге ауыл ішінде де жиі сенбіліктер өткізіп, саябақтар, мекемелердің айналасын жасыл желекпен жайқалтып қойдық. Қазір ауылдағы колледж ауласындағы көрініс қандай тамаша. Ағашты егудің өзі бір бөлек, оны күтіп баптау күш-қайратты талап етеді. Уақытында суарып тұру маңызды. Ағаштардың да ауыратыны болады, зиянкестерде ағаштардың өсуіне зиян келтіреді. Соның бәрін уақытында қарап, баптау керек. Десе де, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын...». Бұл біздің кейінгі ұрпаққа көрсетер үлгіміз, қалдырған өсиетміз болуы керек, - деп атап өтті.
Ал, ауданға белгілі кәсіпкер Алма Елеусінова болса, халықтың денсаулығы мен ұрпақ болашағына оң әсерін тигізіп, туған қаламыздың көркеюіне үлес қосатын тал-терек отырғызу шарасынанан қалыс қалмау - әрбір азаматтың борышы екендігін айтады.
-Баршамыз білетіндей көктерек алдымен - ауаның тазалығы, екінші - әдемілік. Тап осы айналма жолға ағаш отырғызудағы мақсат қыста қарды тоқтату болып табылады. Жеріміздің құнарсыздығына байланысты алғашқы рет еккенде талдар дұрыс өсіп кете алмаған. Соған қарамастан әкімшілік тарапынан құдық қазылып, құнарлы топырақ төгіліп теректердің барынша жайқалып өсуіне жағдай жасалып жатыр. Тек жасап жатқан еңбек еш кетпей, талдарымыз тамыр алып, жайқалып, қаланың көркіне сән қосарына сенеміз. Жалпы, қаланың гүлденуіне тек депутаттар, әкімшілік қызметкерлері ғана емес, әр тұрғын үлес қосу керек. Тұрғындар өз ауласына, кәсіпкерлер мекемесінің айналасына ағаш отырғызып, тазалық сақтап, ұқыпты ұстаулары маңызды. Біздің қаламыз тек бізге ғана керек. Қаламыз жаңа кейіпке енуі үшін мен әр бөрлілікті осы бастамаға үн қосып, тал-терек егуге шақырамын, - дейді.
Саялы ағаш егіп, қаланың көгалдануына өңірдегі компанияларда өз үлесін қосуда. 1 сәуірден басталған жалпықалалық сенбілікке мекеме қызметкерлері, тұрғындар мен ірілі-ұсақты компаниялар да атсалысуда. Айталық, бүгінгі шараға «Шлюмберже» компаниясы мен «RAUAN Nalko» ЖШС демеушілік көрсетіп 700 түп тал-терек алып берген.
-Ағаштарды еккеннен кейін оны күтіп ұстау маңызды. Бүгінгі отырғызылған ағаштардың жайқалып өсуіне жауапты қаланың оңтүстік бөлігін күтіп ұстау үшін анықталған мердігер «Докостройком» компаниясына жүктеледі. Мұнда былтырдан бері тамшылатып суару әдісі қолданылады. Ол үшін арнайы 4 ұңғыма қазылған болатын, - дейді аудандық ТҮКШжАЖ бөлімінің басшысы Дастан Ақмамбетов.
Бүгінгі Дүниежүзілік ағаш отырғызу күніне ауылдық округтар да атсалысып жатыр. Ол үшін ауылдары 600 түп тал бөлініп берілген.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz