16.09.2021, 12:19
Оқылды: 64

«Бүгін сыныпта кім кезекші?»

Кеңес мектептерінде білім алған әр жанның осы сұрақ есінде шығар. Есіктен кірер-кірместен мұғалім сыныпты көзімен бір шолып шығып, кезекшілерден сабаққа қатыспай отырғандарды түгендейтін. Тақтаның алдында бор мен суланған шүберектің тұруы керектігі бұлжытпас заңдылық. Бала болсақ та, өзімізге жүктелген жауапкершілікті түйсініп, кезекшілік маңдайымызға бұйырған күні қарымызға қызыл матаны байлап алған біздер тазалық пен тәртіпті кәнігі сақшыдай бақылайтынбыз. Қайран, балалық шақтың ыстық естеліктері-ай десеңізші?!..

 01

Содан бері білім саласына талай реформалар енгізіліп, ұл-қызды жауапкершілікке, еңбекқорлыққа баулитын осы бір жақсы үрдіс бала еңбегін қанайтын әдістердің бірі ретінде мектептерде атымен жойылды. Нәтиже қандай? Мектепте оқушы айналасындағы тазалыққа да, тәртіпке де жауапты емес, сөмкесін арқалап келіп, оқыса, оқығаны, оқымаса, сол сөмкесін асынған күйі кете барады. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген Ақжайық аудандық білім бөлімі жаңа оқу жылы басталысымен Жайық негізгі және Ораз Исаев атындағы орта мектепте оқу және тәрбие бағдарламасына «Еңбек EDUCATION» әлеуметтік жобасын пилоттық негізде енгізіпті. Қазақшалап айтсақ, «Еңбек арқылы оқыту» деп түсінсеңіз болады.

Аталмыш жобаның басты мақсаты – балаларда еңбекке қатысты оң көзқарас қалыптастыру, еңбекқорлықты, жауапкершілік пен мақсаткерлікті ұрпақ бойына сіңіру. Бұл жоба аясында аптаның әр күніне сыныптардан кезекшілер тағайындалып, олар өздері дәріс алатын кабинеттің тазалығын, жалпы мектептегі тәртіпті қадағалайды.

02

Айта кетелік, қос мектепте де алдымен ата-аналар балаларды еңбекке араластыру жөнінде өздері өтініш тастап, қамқоршылық кеңесте бұл ұсыныстары жан-жақты қарастырылған. Яғни, бұл жоба толығымен ата-аналардың келісімімен жүзеге асуда.

Игі үрдісті көргенше, жарғақ құлағымыз жастығымызға тимей, тыным таба алмайтын қауымнан емеспіз бе?!

«Аудандық білім бөлімі жаңа жобаны қолға алыпты» дегенді естіген бойда Жайық негізгі мектебін бетке алып, атқа қондық. Көзімізге түскені, шағын ғана мектептің айналасының мұнтаздай тазалығы. Үзілістің кезіне дәл түсіппіз, ұл-қыздар сыныптарында гүл отырғызып, парталардың шаңын сүртіп жатыр екен.

– Адам баласы өмірге келген күннен еңбекпен тығыз байланыста болады. Шарананың тар құрсақтан мына жарық дүниеге келгенінің өзі еңбек емес пе?! «Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады» дейді дана халқымыз. Сондықтан оқушыларымызды тәрбиелеудің бір қыры – осы еңбектенуде. Жаңа жоба аясында оқушылар мектептің ішкі тазалығымен қатар ауланы көгалдандыру, абаттандыру да жұмыстарына тартылған. Еңбекқорлыққа, қайырымдылыққа, сол арқылы адамгершілікке тәрбиелеудің бір тәсілі – өзгелерге қол ұшын созып, көмек көрсету. Осы бағытта біздің шәкірттеріміз ауылдағы жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар, өзге де көмекке зәру тұрғындарға үй шаруасында жәрдемдеседі. Осылайша олардың бойында өз еңбектерін бағалау, өзгенің жұмысын құрметтеу, бірлесе отырып топпен жұмыстану дағдылары қалыптасады. Қазіргідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған сәтінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы мақсат-міндеттерді қамтып отырған бұл жобаның тиімділігіне шүбәсіз сенемін, - дейді бізбен сұхбаттасқан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асылгүл Өтешева.

Тап осындай көрініске ертеңгі күнгі Көнеккеткен ауылына сапарымызда куә болдық. Осындағы Ораз Исаев атындағы мектептің ауласында жасөспірім ұлдар теректердің күзгі күтім-бағымын қамдап, жұмыстануда. Бізді қарсы алған мектеп директоры Нұрлан Есболатовтың жүзінен шәкірттерінің берекелі тірлігіне ризашылығын анық байқауға болады.

– Бала дегеніміз жасыл өскіндей, барыңды салып, шынайы ынтамен баптасаң, ертең-ақ ибалы, адамгершілігі мол, ізетті азамат болып шығады. Бүгінде адамға ең керек қабілет – еңбекқорлық. Жалқаулықтан озған, өмірде өз жолын тауып, өзгелердің алды болған ешкім жоқ. Бұл ақиқат. Сондықтан бастама көтерген аудандық білім бөліміне, біздің мектепте осы жобаны енгізуді қолдаған ата-аналарға ризашылығым зор, - дейді ол.

Ораз Исаев атындағы орта мектепте 109 бала білім алуда. Солардың бастауыш сыныбына бөлек, орта және жоғары сыныптарға бөлек еңбек тәрбиесі бойынша арнайы жоспар жасалған.  Оған сай аптаның әр сәрсенбісі «Еңбек» күні деп белгіленіп, оқушылар тазалық жұмыстарынан бөлек мектеп ауласы, ауыл тірлігіне де өз үлестерін қосады. Айталық, күз айларында ағаштардың түбін қопсытып, қураған бұталардан тазартып, сол бұтақтардан өз қолдарымен жасалған түрлі мүсіндермен мектеп ауласын көркейтсе, бастауыш сынып балдырғандары ардагерлерге тілек-ниетін білдіріп, ашық хат жазады. Қысқа қарсы құстарға жемсауыт жасап, ауланы қардан тазаласа, қыздардың ескірген кітаптарды түптеп, қалдықтардан түрлі дүние-жарақ жасауын, топ болып аққала соғуды да жоспарлапты.

Оқу жылы басталғанына жарты ай өтсе де, мектепте еңбекке тартылған балаларының жетістіктерін көріп қуанған ата-аналардың қатарында Фатима Ізбасарова бар. «Осында екі ұлым білім алады. Баланы қызметке араластыру қиын: ата-анасына еркелейді, тіл алғысы келмейді, кей мезетте телефоннан айыру мүмкін емес. Оқу жылы басталмас бұрын мектепте еңбек тәрбиесі бойынша жоба жүзеге асқалы жатқанын естіп, жолдасым екеуіміз бірден қолдадық. Толық нәтижесі туралы айтуға әлі ерте, бірақ қазір мектептен үйге келгенде, сонда істегендерін үйде жасағысы келіп тұрады. Үлкені төртінші сыныпта, байқаймын, 2 сыныптағы інісін қамқорлап, оған өзінің ойнаған орнын жинастыруды тапсырсақ, көмектесіп, қамқорлап отырғаны. Бұл жобаны толығымен қолдаймын, себебі бірігіп жұмыс жасаған балаларға қызық, бір-бірімен ойнап, жүріп, біраз шаруаны бітіріп тастайды емес пе? Осылай оларды еңбекке тарту жеңілірек», - дейді ол.

Үзіліс уақытында 10 сыныпқа кірген бізді сыныптастарынан бұрын аңқылдап тұрған жасөспірім қыз қарсылап алды. Аты-жөні Томирис Сәбитова. Әдемілеп тіккен алжапқышы мен басындағы үшбұрышты орамалы аққұба қызға ерекше жарасып тұр. Қолындағы шүберегін тастай сала, бізбен амандасқан ол жасап жатқан жұмыстарымен таныстыра кетті. Сірә, уақытымыздың тығыз екенін білген шығар

– Бұрын мектепте тек технология сабақтарында ғана еңбекпен айналысатынбыз. Ол да аптасына бір сабақ қана. Енді, міне, күн сайын өз сыныбымызды тазалап, сәрсенбіде бәрімізге ортақ жұмыс – мектебімізді көріктендіру, көгалдандыруды қолға алдық. Тазалық ерекше назарда, кіші қызметкерлер бірреттік қолғап, хлор береді. Парта-орындықтар, есік-терезелерді тазартып шығамыз. Аса қиын жұмыс емес қой, әрі ұлдар да қолынан келген көмегін аямайды: орындықтарды көтеріп, суды әлсін-әлі ауыстырады. Кейде сынып қалған жиһаздарды технология пәнінің мұғалімі Дастан Бижановпен бірге жөндеп те қояды. Бүгін сәрсенбі, өздеріңіз кіргенде байқаған шығарсыз, мектебіміздің ауласы гүлмен жайнап тұр, сабақтан босаған соң сол гүлдердің тұқымын қыздар болып жинаймыз, - дейді жасөспірім.

Бұл мектепте оқушылардың шығармашылық әлеуетін де арттыруға бағытталған өзге жобалар көп-ақ. Солардың бірі – 2017 жылы қолға алынып, әлі күнге жалғасып келе жатқан «Кітап – сенің досың» жобасы. Оқушыларды кітап оқуға ортақтастыруға бағытталған бұл жобаға ұл-қыздар белсенді қатысады екен. Бұл жөнінде мектеп директоры Нұрлан Есболатов былай деп түсінік берді:

– Биыл мектептегі барлық оқушылар осы жобаға қатысуға тілек білдірді. Олардың өтініштерін мектеп кітапханашысы тіркеп алады. Жыл соңында ұл-қыздар оқыған шығармалары бойынша арнайы тапсырмаларды орындап, арасындағы үздіктерін ұстаздар мен қамқоршылық кеңестен тағайындалған қазылар алқасы анықтайды. Екі жеңімпазға велосипедтен табыстаймыз. Алғашында велосипедтерді мектеп ұжымы болып сатып алдық. Артынан мектеп түлектері «Өзіміздің артымыздан ерген іні-қарындас, сіңлілеріміз білімді, кітапқұмар болсын» деп, өздері алып беретін болды. Биыл да былтыр мектеп бітірген оқушыларымыз алып берген су жаңа қос велосипед дәлізде тұр. Жылдың соңында жеңімпаздарға тарту етеміз. Жыл бойы бала кітап оқып, өзінің дүниетанымын кеңейтіп, білімін арттырса, бұл да еңбек емес пе? - деп жымиды Нұрлан.

Кітап оқудан қандай нәтиже болуы мүмкін дейсіз бе? Болғанда қандай! Былтыр мектепті бітірген жеті түлектің алтауы жоғары оқу орнына, ал біреуі арнаулы оқу орнына грантқа оқуға түсіпті. Ал білімді мен еңбекқордың мыңды жығатынына сенбей көр осыдан кейін.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Р.S. Иә, пилоттық деп тәжірибе түрінде енгізілген жобаның баланы еңбекке тартуда нәтижелі болатынына бір-ақ сапардың өзінде анық көз жеткіздік. Аудандық білім бөлімі болашақта осындай үрдісті өзге де мектептерде іске қосуды жоспарлапты. Сіз не дейсіз, ата-ана? Балаңыздың еңбекке ерте араласқанын қалайсыз ба?

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале