22.05.2023, 17:00
Оқылды: 60

Бүйрек дерті - бүгіннің бір уайымы

Денсаулық – баға жетпес байлық. Осы орайда «дені саудың -жаны сау» деген мәтелде еске түседі. Бірі білсе, бірі білмес. Әлемдегі мыңдаған диагноздардың ішінде созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруы да бар. Өкінішке орай, бүгінде бұл дертке шалдыққандардың саны көбейіп келеді. Қазір Бөрлі ауданында бүйрегін ауыстыруды қажет ететін 24 адам  бар. Дегенмен, бүйрек ауыстырудың оңай емес екені белгілі. Біріншіден, ауыстыратын бүйрек жоқ болса, екіншіден, ол қыруар қаржыны қажет етеді. Сондықтан науқастар жасанды жолмен, яғни гемодиализ арқылы ем қабылдауға мәжбүр.

WhatsApp Image 2023-05-15 at 09.33.34

Қазір аудандағы 24 азамат та осындай жолмен емделуде. Қоғамға көп таныс емес, деседе өте қауіпті дерт туралы кеңірек білу үшін Ақсай қаласындағы “Diaverum” гемодиализ орталығының дәрігері Наурызбек Тасеменовтың кеңесіне жүгіндік.

IMG_20230522_164701

Маман пікірі

- Бүйрек - адамның ең кішкентай, әрі нәзік, әрі ең бір маңызды мүшесі. Ол қан құрамын улы заттардан тазартып, ағзадағы суды сыртқа шығарады. Бүйрек күніне 200 литр қанды сүзгіден өткізеді екен. Әрі қан қысымын реттеп отырады. Егер аталған ағза зақымданып, істен шықса, адам өміріне қауіп төнеді.
Расында азаматтар дер кезінде бүйрек дертіне көңіл аудармайды. Соның кесірінен ағзадағы токсиндер, азот қосындылары зәр арқылы сыртқа шығатын болғандықтан, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде бүйректің зәр шығару қызметі бұзылып, адам өздігінен кіші дәретке шыға алмайды. Яғни бүйректің сүзгі қызметі істен шығып, улы қалдықтар ағзада қалып қояды. Бір сөзбен айтқанда, ағза өз-өзінен уланады. Қажетсіз қалдықтардың көбеюі миға, жүрекке, бауырға әсер етеді. Сондықтан бұндай дертке шалдыққан азаматтардың бүйрегін ауыстыру қажет. Ал бүйректі ауыстыруда қиындықтар болса, науқастар гемодиализ арқылы ем алады, – дейді Наурызбек Маратұлы.

IMG_20230522_164648
Сіз бен бізге көп таныс емес «Гемодиализ» бір сөзбен айтқанда «жасанды бүйрек» дегенді білдіреді. Яғни, жедел және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі кезінде қанды бүйректен тыс тазарту әдісі. Гемодиализ процедурасы кезінде, ағзадан зат алмасудың улы өнімдері жойылады, сұйықтық және электролит балансының бұзылыстарын қалыпқа келтіреді. Науқастың  қан айналымы жүйесін «жасанды бүйрек» аппаратына қосу арқылы гемодиализ жүзеге асырылады.
- Бүйрек өз қызметін қабыну, қант диабеті, жоғары қан қысымы, қан тамырларының қабынуы, бүйрек кисталары, сонымен қатар, күрделі операциядан, инфаркттан немесе басқа да күрделі мәселелерден кейін кенеттен тоқтатуы мүмкін. Ал көп жағдайда салқын тию, тұмау және алкогольмен улану да бүйрек ауруына шалдықтырады. Бұндай кезде бүйректің сүзгі қызметі бұзылады. Мәселен, кейде адамдар тұмауға жүре қарап, дұрыс емделмейді. Ал жай ғана тұмау жедел бүйрек жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Жас кезінен бүйректерінде ақауы бар адамдар уақытында ем қабылдамаса,  кейін үлкен дертке айналуы мүмкін. Ал бұндай дертке шалдыққандар бүйрек ауыстыру арқылы ғана айыға алады, - дейді дәрігер.

IMG_20230522_164641
Дәрігердің сөзінше гемодиализге көрсеткіштерін нефролог дәрігері анықтайды. Дәрігер бірнеше факторларға байланысты гемодиализді қашан бастау керектігін айта алады. Соның ішінде, науқастың жалпы жағдайы, бүйрек қызметі, белгілері мен симптомдары, өмір сапасы және т.б. Жалпы қазіргі уақытта облысымызда шамамен 200 науқас гемодиализ алады екен. Олардың барлығына бірінші топ мүгедектігі беріледі.

WhatsApp Image 2023-05-15 at 09.33.35 (1)
Жалпы ұсыныстар қарапайым, десе де маңызды. Ол - өз өзін емдеумен айналыспау, скрининг уақтылы өту, зиянды әдеттерді шектеу. Ең бастысы бүйрек жұмысын нашарлататын әдеттерден алыс болған дұрыс. Бүйрек жұмысына қауіп төндіретінін жайттарға келсек, ағзада судың жеткіліксіздігі бүйрекке келетін қанның мөлшерін азайтады. Соның салдарынан денеде токсиндер жиналады. Зәр қысып, қуық сыздағанша отыруға болмайды. Қанша қауырт жұмыс істеп отырсаңыз да дәретханаға уақтылы бару керек. Әйтпесе, бүйрекке күш түсіп, жұмысы нашарлайды. Тұзды тағамды шамадан тыс тұтыну бүйрек жұмысына кері әсерін тигізеді. Өйткені бүйрек натрийді ағзадан оңай шығара алмайды. Кофе мен кофеинді көп қолдану қан қысымын көтеретіндіктен бүйрек үшін қауіпті. Ауруды басатын дәрі-дәрмекті көп қолдану да бүйрек жұмысына күш түсіреді. Ақуызды шамадан тыс тұтыну метаболизмге салмақ түсіреді. Режим сақтамау да, әсіресе, сырқаттанған уақытта бүйрек жұмысын қиындатады. Мысалы, қарапайым тұмауратсаңыз да ағзаңызды әлсіретіп жүре бермей, уақтылы демалып, төсек режимін сақтау керек.

 «Бізгеде көңіл бөлінсе дейміз»

Көктемнің мамыражай бір күнінде аудандағы емханаға бас сұқтық. Мақсат – диализ алатын науқастармен тілдесу еді. Медициналық нысанның бірінші қабатында орналасқан гемодиализ орталығы біз барған күні әдеттегідей жұмыс жасап жатыр. Тәртіп бойынша, бөгде адам ол орталыққа кіруге болмайды. Сөйтіп, бізге сұқбат беруге келіскен Разия Зейінованы күтіп отырғанымызда біраз науқаспен тілдесіп, мәселелерін білдік.
Олардың бұл орталыққа келіп, ем алуында айтар себептері көп. Бірі бүйрек қызметінің тоқтауына созылмалы аурулар себеп десе, енді бірі уақтылы дұрыс ем алмағанның кесірі тигенін айтады.
Деседе барлығының қояр талабы бір ол – орталыққа невролог, ревмотолог дәрігерлері керек.
Орталыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

- 2015 жылы ашылды. Оған дейін Орал қаласындағы орталыққа барып жүрдік. Күнде газельмен барып-келіп ем алатынбыз. Өте қиын жағдайды бастан өткердік. Қазіргі жағдайымыз жақсы. Орталықтан тегін тамақ, үйіміз бен осы орталыққа барып-келетін арнайы көлік бар. Ауылдарда тұратын науқастарға орталық тарапынан жолақысы беріледі. Орталық қызметкерлеріне де алғыс айтамыз. Диализ алу бір көзге оңай болып көрінгенімен, өте қиын процедура. Процедура кезіндеде асқынулар болу мүмкін – қан қысымының төмендеуі, ұстамалар, лоқсу, құсу, жүрек ырғағының бұзылысы. Сондайда бізге дәрігер ауада қажет болады. Тек бір-біріміздің көңіл күйімізді көтеріп, жігер беріп диализдің жақсы өтуіне себепкер боламыз, - дейді науқастар.
Облыстағы ең көп диализ алып жүрген Разия Зейінова екен. Ол 18 жылдан аса уақыт бойы қан айналымы жүйесін «жасанды бүйрек» аппаратына қосу арқылы ем алып келеді. Гемодиализ алатын науқастардың мүддесін қорғап, мұңын айтып жүрген де осы Разия Зейінова. Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпенде кездесіп, қордаланған мәселелерді көтерген.
Министрге кездесуге барып бізің басты мәселелерімізді айттым. Оның біріншісі - портал болса, екіншісі бізге керек көп дәрілердің емдеу протоколында жоқ екендігі. Портал бізге ауруханаға жату үшін керек. Көп жағдайда сынамалар (анализдер) тапсырылып, барлық тексерістерден өтіп тек ауруханаға жату ғана қалғанда порталдың уақыты келмей қалатындығы қинайды. Біздің жағдайымыз белгілі. Бір күн сау болып отырсақ, келесі күні ауырып қалуымыз ғажап емес. Аудандағы дәрігерлерге қаралуда бір мұң. Жалпы тұрғындармен жазылып келеміз. Жақсы жазылармыз-ау, бірақ жаңағыдай жағдай. Денсаулығымызға байланысты ол күні келе алмауымыз мүмкін, - дейді тұрғын.
Науқастардың тағы бір көтеріп отырған мәселесі қалаішілік қоғамдық көліктерде тегін жүрсек екен дейді. Әрі халыққа қызмет көрсету орталықтарында (жағдайға қарамай) кезексіз қызмет көрсетілгенін қалайды.
- Біз барлығымызда бірінші топ мүгедегіміз. Дегенмен бізде қоғамда бар екенімізді сезінгіміз келеді. Мүгедектігі бар балаларға, егде жастағы адамдарға көңіл бөлініп жатады. Бізге де сондай көңіл бөлінсе екен дейміз. Барлығымызды соңғы рет 2019 жылдың жаңа жылы қарсаңында «Арман» мейрамханасына шақырып, қонақ етті. Содан кейін ондай басқосулар да болмапты. Ауданымыға эстрада әншілері келіп жатыр деп естиміз. Оған да шақырту алмаймыз. Мерекелерде де бізді ешкім құттықтамайды. Аудандық ауруханадан да бір жоғары лауазымды қызметкер келіп, жағдайымызды сұрап жатқан жоқ. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне де ренішіміз бар. Арамызда баспанасы жоқ, пәтер жалдап жүрген жандарда бар. Қаражат қысқаннан кейін қандай жайлы пәтер болсын. Қолайлы өмір сүру үшін ешқандай жағдай жасалмаған ол пәтерде. Сондай кісілерге қаладағы жатақханалардың бірінен бір бөлме берілсе екен дейміз. Өйткені, гемодиализ алатын жандарға ерекше күтім қажет. Аудандық әкімдік осы мәселені шешіп берсе екен, - дейді науқастар.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары берген мәлімет бойынша аудандағы 18 науқасқа бір реттік әлеуметтік көмек беріледі екен. Ол 50 АЕК-пен есептеліп, 172500 теңгені құрайды. Алты адамға жеке көмекші берілген.
“Diaverum” гемодиализ орталығының дәрігері Наурызбек Тасеменов көпшілікке осы дерттің алдын алу, болдырмау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуден шаршамайды. Ол үшін инстаграмм (@doctor_tasemenov) әлеуметтік желісі арқылы тұғындарға ақпарат беріп, бүйрекке салғырт қарамауды ескертеді.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале