18.06.2024, 23:00
Оқылды: 267

Бұл қылық қазаққа жарамас,түлектер кешінде ана мас...

Оқу жылы мәресіне жеткен тұста қоштасу кештерінің неше түрлі сипатта өткенінен Теректі жұрты хабардар. Бір буын балабақшамен қоштасып, мектеп табалдырығын аттағалы тұрса, енді бір буын он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан мектебінен түлеп ұшып, жоғары оқу орындарына қанат қағуда. Еңсең тік, мақсатың нық болсын деген тілек қана бізде.

Түлектердің үлкен өмірге жолға шығуы кімді де болсын алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, бұл кезеңде ата-анасы жандарын шүберекке түйеді. Болашақтарына алаңдап бір, грантқа оқуға түсуін ойлап екі, аяққа тұрып кетуін қалап үш толғанады. Иә, бұл жалпы қазақ отбасындағы көзіміз үйреніп кеткен көрініс, қанымызға сіңіп кеткен әдет еді-ау.

IMG-20240618-WA0055

Бірақ бүгінгі таңда ойы сан-саққа жүгіріп, көңілі алаңдаулы жүрген әке мен шешені көрмедік. Теректі ауданынан көрмедік дейікші... Иә, олардың ішіне кіріп шыққан ешкім жоқ қой. Үлкендеріміз «сырт көз – сыншы» демей ме? Білім ордаларында соңғы қоңырау сыңғырлап, түлектер ақ көгершін ұшырған сәттен кейін қоштасу апыр-топыр тойға ұласады. Қызықтың бәрі қас қарайғаннан соң басталады.

Сыныптастардың қимастығын, басқосуларын түсініп көрейік. Ал ата-аналарға не жорық? Ұл-қыздарының көзінше рөмке соғыстыратын, көйлегінің түймесі ағытылғанша, етегі көтерілгенше билейтін деңгейге жеткеніміз бе? Мұнымен үлкен өмірге адымдап бара жатқан ұрпақтан қандай қайыр күтпекпіз? Хош... Осы таңда Теректіде күйіп тұрған мәселені сараптауды құп көрдік. Түлектер ата-аналарына ренішін айтты, қарсы тарап сұрақтан жалтарды. Мектеп мұғалімдері де үн қосты.

Бұзау тіске салмай-ақ тікелей талдап көрелік. Аудандағы аты шулы «Prezident» мейрамханасы түлектердің арқасында бір байып қалды. Тіпті балабақшамен қоштасқандар да сол жерден табылды. Қаладан арнайы шақыртқан аниматорлар, шығындалып жасатқан безендірулер бір сәттік қуаныш сыйлайтыны хақ. Бірақ кейін барлығы ұмытылады. Балалардың мәз-мейрам болғаны жақсы, әрине. Ал аналарының сол жиында арақ-шарапқа сылқия тойып, ерсі қылықтар жасағаны бүлдіршіндер үшін риза болған көңілге дақ салады.

Сөзімізге дәлел болуы үшін ата-ана Жанар Тайшыбаеваның пікірін ұсынайық.

1

- Қызым биыл 9-сыныпты аяқтады. Түлектер кешін кезінде біз де отбасымызбен жиналып, атап өтетінбіз. Ол жойылмас дәстүр деп ойлаймын. Мен тек балабақша және бастауыш сыныппен қоштасқандардың тойлауына түбегейлі қарсымын. Өйткені қазіргі таңда арзан ештеңе жоқ. Қыруар қаржы жұмсап, босқа әлек болады. Ақыл-ойы қалыптасқан жасөспірімдер болса, бір жөн. Оның өзінде үнеммен ұйымдастырған дұрыс. Лимузин, қымбат ресторан жалдап, артық даңғазаға салынбайықшы, - деген ол зиялы қауымның көкейінде жүрген ойды айтып, ата-аналарды балаларды жалған пафосқа баулымауға шақырды.

Айтқаны сол-ақ еді аудан орталығындағы «Ақ желкен» балабақшасының «Жұлдыз» тобы қоштасу кешін ата-аналардың сұрауымен «Теректі» демалыс кешенінде тойлағанын естідік. Аталмыш топтың балабақшаның мәжіліс залында өткізген тағылымды іс-шарасының куәсі болған едік. Кейін екіұдай күйде қалдық. Жанар Жеңісқызының шырылдауынан түйіннің шықпағаны һәм жақын арада шықпайтыны терең ойға батырды. «Ол, ол ма?» деп, жалған өршелендіруден аулақпыз.

№1 Федоровка жалпы орта білім беретін мектебінің шектен шыққан дарақылығын айтпай кетпесек, болмас.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі даңғазалық пен ысырапшылдықты тежеу хақында ой тоғысын дөп басып, үнемі айтады. Халыққа арнаған әр Жолдауында осы мәселені қаузап, білім мен ғылымға ұмтылудың кезеңі жеткенін жеткізуден шаршамайды. Одан шығар қорытынды қандай? Өкінішке орай Президенттің жанашырлықпен айтқан ақылын құлаққа іліп жатқан тірі жан жоқ.

Айтпағымыз, аталған білім ордасының 4-сыныбының оқушылары бастауышпен қоштасқанын аудан орталығындағы мейрамханалардың бірінде атап өтеді. Аналары жанында, алаңдайтын негіз жоқ десеңіз де, бір сұмдықтың басы қылтиып шыға келеді осындайда. Түнгі сағат он бірдің шамасына дейін тарсыл-гүрсіл әуеннің ойнағаны бір бөлек әңгіме. Балиғат жасына жетпей, азғындыққа үйретіп жатқаны туралы есімі белгісіз болуды өтіне сұраған жан ашынып айтты. Қысқасы бастауышты тәмамдап, бақыттан басы айналған оқушылардың аналары рөмке соғыстырып тілектерін айтқан. Көпшілігінің ұлты – орыс. Ойлаңызшы, бала көргенін жасайды. Күні ертең жаман жолға түсетін азаматты жерден алып, жерге салмас бұрын темірқазықтай тура жолды бүгіннен көрсетуіміз қажет қой.

Дәл осы мектептің 11-сынып оқушылары да жаға ұстатты. Лимузин көлігін жалдап, көшені басына көтерген түлектерді тоқтатар жан табылмаған-ау, сірә. Полиция көлігінің лимузин соңында келе жатқан суретін көріп, бірден Теректі аудандық полиция бөлімі, әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Ерлан Қабыловпен байланысқа шықтық. Жақында еңбек демалысына шыққан ол бөлім қызметкерлері атынан жауап берді.

2,

-Мектеп түлектерінің ата-аналары балаларына тосынсый жасамақ болып, лимузин жалдаған екен. Оны көрген полиция қызметкерлері кіреберіс жолдан тоқтатып, көлік жүргізушісі мен оқушыларға қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, мектепке дейін жол бастаған, - деді өз сөзінде.

Әйтсе де, бұған ашуланған ауыл тұрғыны Гүлбаршын Шарапиева:

- Менің қызым Федоровка жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің 11-сыныбын аяқтады. Бірақ мектеп директоры тарапынан тойламау керектігі туралы қатаң ескертілді. Мүлдем басқосу, жиын болмады. Жеке өз басым қос қолдап келістім. Неге десеңіздер, жүк бәрібір ата-анаға түседі. Ал №1 Федоров мектебінің түлектері біздің мектептің рұқсат бермегенін білді ме, әйтеуір, лимузинмен мектеп жанынан әрі де бері өтіп, күлкі қылғандай болды. Санамыз осындай деңгейге түсіп, құлдырып барады. Амал нешік? - деді.

Жалған мақтанды желеу еткендерге «Ақбота» балабақшасын нұсқар едік. Директоры Нұргүл Өміржанова бөбекжайда мәжіліс залының болмауын өте тиімді пайдаланыпты. Яғни, күндіз балабақша, кеште мейрамхана арасында сабылмай, «Жасмин» мейрамханасында қоштасу кешін танымдық шара ретінде өткізген. Өзгелердей аста-төк дастарханды да дайындатпаған. Бүлдіршіндер тақпақтарын, әндерін айтып, билерін билеп тарқасқан.

- Біз амалдың жоқтығынан мейрамханада танымдық шарамызды өткіздік. Дегенмен оған еш өкінбейміз. Басқа балабақша ұжымының ертеңгілік деп бір шауып, кешке отырыс деп тағы әуре-сарсаңға түскенін естіп жатырмыз. Мейрамханаға бала ішіп, жеп, көңіл көтеріп кету үшін ғана емес, өнерлерін көрсетіп, рухани азық алу үшін келді, - деді Нұргүл Сәбитқызы.

Федоровка жалпы орта білім беретін мектебіндегі тәртіп ұлан-асыр басқосу жасауға қарсы болған. Білім ордасының 9-сыныбымен қоштасқан Еркенже Әлібекұлының кей үлкеннен артық сөйлегені ұнады. Ол:

- Бізде ешқандай отырыс жасау, тойлау мүлдем болмады. Тек 4-5 сыныптасыммен донер жеп, соған риза болып қайттық. Менің ойымша, дүркіретіп атап өту - дұрыс емес. Біріншіден, ақшаға шығын, екіншіден, ол орында не болып жатқанын ешкім білмейді ғой. Байқамай, қатерге ұшырап қалуымыз бек мүмкін. Сондықтан мектеп бітірдік деп жалаулатып, алып-ұшып тойлауға қарсымын, - деді өз сөзінде.

Тағы бір оқушы болса, Еркенжеге керағар ойда. Аяулым Серіктің айтуынша, әркімнің өз таңдауы болады және көңіл сергітіп сыныптастармен жиналу – бос шығын емес. Оның бұл ұстанымына мектептің қарсылығы кедергі болған. Өзгелерге қызыққан, не болса да 9 жыл білім нәрімен сусындатқан алтын ұясындағы мұғалімдердің сөзін аттап өтіп кете алмаған. 11-сыныпты аяқтап, мектепке қол бұлғаған Сәбина Сәрсенова да осы оймен толқындас болды. Олардың пайымдауынша, барлығы – жылы естелік.

Өмірдегі мектеппен қоштасармыз,

Өмір деген мектеппен қоштаспайық!

Оқушының да, ата-ананың да пікірін тыңдадық. Әрқилы түсінік үшін кінәлай алмаймыз. Жақында Атырау облысы Индер ауданында 7-сыныппен қоштасып, Жайық жағасына барған оқушы жарық өмірмен қоштасып кетті. Бала көңілдері сабақ оқудан босадық, демалыстың рахатын көрейік деп, қауіптің аяқ астында екенін естен шығарды-ау. Өмірдегі мектеппен қоштасып үлгерерміз... Ең ауыры – өмір деген мектеппен қоштасып, жақындарымызды зар жылатып кету. Бұл оқиға шектен шыққанша қалауын жасайтын теректілік оқушыларға сабақ болса игі еді.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале