1.07.2017, 10:16
Оқылды: 49

Бұлдыртыда жерлестер форумы өтті

IMG-20170630-WA0015Бұлдырты ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында «Ауылым – алтын бесігім» атты жерлестер форумы өтті. Форумның мақсаты – жерлес, ауылдас азаматтардың басын қосып, туған өлкесін гүлдендіру мен абаттандырудың жолдарын қарастырып, үлес қосуға шақыру.


Алдымен саябақта жеке кәсіпкер, Бұлдырты ауылының тумасы Берік Сүлейменовтің демеушілігімен балалар алаңы ашылды. Сонымен қатар кәсіпкер «Айналайын» балабақшасына акваруим сыйға тартты.

Еркін күрестен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Сәукелин шеберлік сыныбын өткізді. Дулат Самиев пен Артур Қазбенов еркін күреспен шұғылданатын балаларға спорттық киім-кешектер табыс етті.

Саябақтағы сахна төрінен аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева құттықтау тілегін жеткізсе, ардагер ұстаздар Ағиба Төлегенова, Гүлбақша Ерғалиевалар жерлестер форумының маңызына тоқталып, ауылды абаттандыруға үлес қосып, елім деп еміреніп, ет-жүрегі елжіреген ел ағаларына алғыстарын білдірді.

Мектеп бітіргендеріне 15 жыл болған Бұлдырты орта мектебінің 2002 жылғы түлектері білім берген алтын ұяларына үстел теннисін тарту етті.

Балғын әнші-бишілер ауылға қуаныш сыйлаған ағаларына, ауылдастарына арнап концерт қойды.

Ауыл әкімі Ерлан Мақашев игілікті істерімен көрінген азаматтарға алғыс білдірді.

IMG_0088Сонымен қатар әр салада қызмет етіп жүрген бұлдыртылықтар мен ауыл азаматтарының күшімен 700 000 теңге қаржы жиналып, «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылдық мешітке мұнара орнатылды. Ауылға көгілдір отын тартқан мердігер мешітке тегін газ кіргізіп берсе, «Дәден ата» қорының төрағасы Ғарифолла Жамбозов үш кілем сыйлапты. Мешітте Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Құралбайұлы ата-баба рухына арнап, құран бағыштады.

Бұлдырты орта мектебіндегі дөңгелек үстелге жалғасқан форум барысында ауылдың көркеюі үшін әлі де үлес қосам дегендерге балалар алаңын кеңейту, субұрқақ орнату, саябақты абаттандыру, сыртқы сахны үлкейту сынды жұмыстардың кезек күтіп тұрғаны айтылды.

IMG_0013Ауыл әкімі Ерлан Мақашев Бұлдырты ауылдық округі бойынша атқарылған және алда тұрған міндеттерді толығымен баяндап берді. «Туған жерім – Бұлдырты» атты қор ашылып, мұндағы қаржы ауыл игілігі үшін пайдаланылатынын жеткізді. Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Еркін Мырза қордың жұмысы туралы мәлімдеп, ауылдың атқа мінер азаматтарын, Бұлдыртыдан түлеген ел ағаларын қорға үлес қосуға шақырды. Бұл ұсынысты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қален Ахметқалиев те қолдады.

Жеке кәсіпкер Берік Сүлейменов мектеп бітіргеніне 40 жыл толуына орай желтоқсан айында мектеп ауласына шырша ағаштарын егіп, балалар ойыны алаңына қосымша тағы да жабдықтар әкелуге уәде берді.Орал қаласындағы авиациялық спорт мектебін басқарып отырған Ерген Орынбасаров Бұлдырты ауылынан қол күресі спортының филиалын ашуды көздейді. Кейпін Төлегенов Бұлдырты мешітінің мұнарасын орнатуға 100 000 теңге аударыпты. Бауыржан Бегайдаров құрдасы Ербол Нұрлановпен бірге ауылға кіре беріске арка орнатуға кірісетін болды.

IMG_0126Бұлдырты ауылының көркеюіне атсалысып жүрген К.Төлегенов,  Ж.Зейінов, К.Нұрғалиев, Б.Сүлейменов, А.Сәукелин, С.Мұқашев, А.Оразовтарға округ әкімі Е.Мақашев алғыс хат табыс етті.

Дөңгелек үстел жұмысын аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева қорытындылап, бұлдыртылықтарға Сырым ауданы әкімінің қызметін абыроймен атқарған Абат Шыныбековтің сәлемін жеткізіп, аудандағы толағай табыстарды, атқарылған игі істерді атады.

Бұлдыртыда алғаш ұйымдастырылған жерлестер форумы көптің көңілінен шықты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале