Бүгін Жәнібек аудандық сотында 2022 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз мәжілісі өтті. Мәжіліске аудандық соттың төрағасы Ержан Әліпқалиев, аудан прокуроры Сәкен Молдашев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Айшуақ Сейтқазиев, аудандық полиция бөлімінің орынбасары Ренат Рахимов, аудан әкімі аппаратының заңгер маманы Назар Шәріпов, Билер кеңесінің мүшесі Ерсайын Құбашев қатысты.
Отырыста сот төрағасы Ержан Бекетұлы былтыр атқарылған жұмыстарға мәлімдеме жасады. Оның айтуынша аудандық сотпен 31 қылмыстық іс қараған, оның жиырма бесіне үкім шығарылса, үшеуі медиация тәртібімен қысқартылды. Ал бір қылмыстық іс соттылығы бойынша прокуратураға жолданса, екі қылмыстық іс қайтарылды. Сонымен қатар 29 қылмыстық іс электрондық түрде қаралды. Сондай-ақ былтыр сотқа 148 әкімшілік іс түсті. Оның алтауы тараптардың татуласуына байланысты медиация тәртібімен шешілді. 2022 жылы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік істердің түсуі төмендеді. Яғни 2021 жылы 31 іс қаралса, 2022 жылы 12 іс түскен болатын. Сол сияқты былтыр сексен азаматтық ісі қаралды. Оның он төрті оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен жүргізілді. Татуластыру рәсімдері де шетте қалмады. Осындай рәсімдер арқасында 2021 жылы 13 азаматтық іс медиация тәртібімен тоқтатылған болса, былтыр 22 азаматтық іс медиация тәртібімен шешілді. Сонымен қатар 6 азаматтық іс татуластыру келісімін жасаумен аяқталды.
Жиынға қатысушылар көтерілген мәселе хақында әр тараптың пікірлері тыңдалып, ойлары ортаға салынды.
Бота Қайратқызы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz