31.10.2024, 18:00
Оқылды: 235

Чапаевта ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ерекше атап өтерлігі – осы жәрмеңкеде облысымызда екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржылық қолдау алып, кәсібін жолға қойған бағбандар аудан орталығының тұрғындарына өз өнімдерін ұсынды.

Изображение WhatsApp 2024-10-30 в 11.30.17_595f9d61

Мұнда айталық, Тайпақ ауылдық округіне қарасты «Тамашев» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 1 тоннаға жуық картопты нарықтағыдан төмен бағамен, яғни келісіне 80-90 теңгеден саудаға шығарды.

Айта кеткен жөн, аталмыш кооператив өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен алған несиенің қаражатына егістікке қажет техниканы сатып алған болатын. Құралын түгел сайлаған кооператив биыл 4 гектар танапқа картоп отырғызды.

Осы жәрмеңкеде аудан орталығының тұрғындарына ұсынғандары да – күзде жинап алған өнімнің бір бөлігі.

Сонымен қатар Алмалы ауылдық округінен «Мұнай-Контакт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздерінің бағында өсірген алмадан 2 тоннаға жуығын жәрмеңкеге шығарды.

Атап өтсек, былтыр ауданның 116 кәсіпкері аталмыш бағдарлама арқылы 817 млн теңге несие алып, 120 жаңа жұмыс орнын ашты. Ал биыл ақжайықтықтар несие қаражатын мал, құс шаруашылығын дамытуға, техника және жабдықтар сатып алуға, киіз бұйымдарын, жартылай фабрикаттар дайындайтын жабдықтар алуға, жеке балабақшаға жиһаз сатып алуға бағыттапты. Әзірге 285 млн теңгеге 35 өтінім мақұлданған.

Әлия Серікқызы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале