Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сол себепті спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Әмбеге аян, елімізде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт күнін атап өту игі дәстүрге айналды. Бұл атаулы мереке 2003 жылы 15 қарашада бекітілген болатын.
Жалпы, адамның денсаулығын жақсартып, оның жасын ұзартатын, көңілін өсіріп, айналасына сүйкімді де сымбатты, шыдамды да жігерлі, жинақы жүруіне септесетін күш – дене тәрбиесі мен спорт. Бүгінде өңірімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірқатар бағдарлама қолға алынуда. Бұған дәлел ретінде өңірдің әр түкпірінде салынып жатқан спорт нысандарын, күнделікті өмірде халықтың салауатты өмір салтына ден қойып отырғанын айтуға болады.
Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Қазіргі уақытта аудан атырабында спорт деңгейі қарқынды дамып келеді. Жастардың бұл тұрғыда еңбектері ерекше. Осы орайда жаттықтырушылардың ұйқысыз түндерін айтпасқа болмас. Біз сөз еткелі отырған подстепныйлық Нұрсұлтан Болат – жастайынан спортты жанына серік етіп, дзюдо, самбо, қазақша күреспен айналысып келе жатқан азамат.
Ол Сырым ауданы, Жосалы ауылында 1995 жылы дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ спортқа жаны құмар болып өсті. Бесінші сыныптан бастап ауыл балаларымен бірге күрес залында шынығып, шымырлана түскен. Өзінен кейінгілерге үлгі көрсете білді. Нұрсұлтан Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінен 9-сыныпты аяқтап, Орал техникалық-гуманитарлық колледжінде дене шынықтыру және спорт оқуын жалғастырады. Кейін осы мамандық бойынша Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінен жоғары білім алады. Спортпен тұрақты түрде шұғылданып, күрестің түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеріп, үздіктер қатарынан көрінген Нұрсұлтан бүгінгі таңда Теректі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқарады.
Жан жылуын, бойындағы бар асыл қасиетін шәкірттерінің бойына сіңіріп, ел намысын қорғайтын мықты спортшы дайындау оның алға қойған мақсаты. Соның нәтижесі болар, шәкірттері де талай байрақты бәсекелерде аудан, облыс намысын қорғап, үнемі жүлделі орындардан көрінуде. Нұрсұлтандай жаттықтырушыдан тәлім алған жеткіншектер бүгінде республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, тұғырдың ең жоғарғы сатысынан көрініп жүр. Спорт саласына жаңадан қадам басқан ұстаз үшін мұның өзі үлкен жетістік емей немене?!
- Салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен адамның алар асуы да, бағындырар биігі де көп болмақ. Сондықтан шынығып, шымыр болуға ұлт болып ұмтылып келеміз. Соның жарқын дәлелі ретінде өңірімізде бұқаралық һәм балалар спортын дамытудың дара даңғылы сәт санап қалыптасып келеді. Егемен елдің ертеңі - бүгінгі балақайлар болған соң, дені сау ұрпақ тәрбиелеу мәселесі қашанда маңызды. Бұл ретте, жас ұрпақтың қанатын қатайтып, буынын бекітуге барынша көңіл бөлініп келеді. Жұмысым өзіме өте қатты ұнайды. Баптап жүрген балаларға тек оқушы ретінде қарамай, дос есебінде жаныма жақын тартамын. Әрқайсысының ішкі жан-дүниесін түсінуге тырысамын. Себебі, чемпионды дайындау үшін оны бес саусағыңдай білуің керек. Халқымызда «Ұстаздан шәкірт озса игі» деген жақсы сөз бар. Ауыл жастарын спортқа баулып, көк туды шет мемлекеттерде көтеруді мақсат етіп келемін. Жарыстарға үкілеп апарған шәкірттерім үздіктер қатарынан көрінсе, маған тәлім берген ұстаздар еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан да ауданда спорттың дамуына сүбелі үлес қосып, спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп жүрген жанашыр ағаларыма, барша әріптестеріме алғысымды білдіремін, - дейді Нұрсұлтан Нұрланұлы.
Әріптес демекші, ұжымы оған жұмысқа жауапты, түрі де, сөзі де келіскен жігіт ретінде жақсы баға беріп отыр.
Кейіпкерміз жұмысынан, жаттығулардан тыс уақытта жанұясына ерекше көңіл бөледі. Жолдасы екеуі сүп-сүйкімді қыз бала тәрбилеп отырған жас отбасы.
Қазіргі таңда өзінің беделін емес, шәкірттерінің, ауданның абыройын алға қойған Нұрсұлтанды мерекесімен құттықтап, жұмысына толағай табыс тілейміз. Жеңістің туын желбіретіп жүре бер, жас жаттықтырушы!
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz