Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бәйтерек ауданы Январцев ауылдық округіне қарасты Чинарев елді мекенінде су жаңа модульді медициналық пункт пайдалануға берілді.
Енді басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт алыс жолды алқымдап аурухана іздеп арқаланбайтын болды. Өйткені ауылдың дәл ортасында бой көтерген заманауи үлгідегі емханада ем іздеген адамға қажеттінің барлығы бар.
Медициналық мекеменің тұсаукесер жиынына Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоғжанов, №2 аудандық аурухана директоры Ғабитжан Ислямов және чинаревтық ағайын жиналлды.
Елдің көптен күткен емдеу орнының лентасын аудан әкімі Марат Лұқпанұлы мен еңбек ардагері Виктор Матвеевич қиды.
Кейін жиналған ауыл халқына аудан әкімі Марат Тоғжанов ақжарма тілегін жеткізіп, ел игілігіне қызмет етер емхананың ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, аудан басшысы сенімдеріне сызат түсірмей, шыдамдылық танытқан тұрғындарға алғыс айтып, шекарамен шебіндегі елді мекенде елдің тұрақтауы қауіпсіздігіміз үшін маңызды екенін атап өтті.
-Шеткері жатқан ағайынға қажетті жағдай жасау үшін ел үкіметі қолдан келгенін жасауда. Тек аудан және округ орталықтарына ғана емес, барша елге бірдей көңіл бөлетін боламыз. Өйткені ол біздің басты міндетіміз. Келер жылы да бұндай игі істер өз жалғасын тауып, Садовое, Зеленое, Октябрское елді мекендері мен Макаров ауылдық округінде су жаңа модульді медициналық пункттер ашылатын болады,-деді өз сөзінде Бәйтерек ауданының басшысы М.Тоқжанов.
Ақ түйенің қарны жарылған күнде ауылдағы ағайынның қуанышында шек болмады. Кең пейілді чинаревтық жұрт келген меймандарға мырзалықтарын көрсетіп, қазақы мінезбен шашу шашып ақтан дәм татқызды.
Ел ағаларымен бірге шымылдығы ашылған шаңырақтың төріне еніп, жас балаша қуанған тұрғындар жылы лебіздерін жарыса жеткізді.
-Барлық жерлестерімді осынау күнмен құттықтаймын. Бұл бастамаға үлесін қосқан әр жанға ауыл тұрғындары атынан үлкен алғысымды білдіремін. Ауылға ат басын бұрған баршаңызда қош келдіңіздер. Алда әлі талай жұмыстар атқарылып, елдің мерейін өсіріп, көңілге қуаныш ұялатар жаңалықтар көп болатынына сенімдін,-деді ауылдастары атынан сөз алған ақсақал Виктор Гасилин.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz