20.09.2021, 9:08
Оқылды: 52

Чувашкада желаяқтар бәсекесі өтті

Бәйтерек ауданы Достық ауылдық округіне қарасты Чувашка ауылында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Chuvashi marathon – 2021" желаяқ спортшылар жарысы өтті. Ауыл жастары мен "Uralsk runners" жүгірушілер клубы бірлесе ұйымдастырған спорттық бәсекеге ауданның ғана емес, өңіріміздің намысын түрлі бәсекелерде қорғап жүрген спортшылар қатысты.

IMG_8519

Бұқаралық спортты дамытып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеу мақсатында өткен жарыс шынымен де көпшіліктің қызығушылығын оятты. Ауылды думанға бөлеп, елді мекен ішін спорт аренасына айналдырған жарыс қатысушыларын барша чувашиндік ағайын қолдап, қолпаштап отырды. Қызықты спорт бәсекесінде бұрымдылар мен жастар үш шақырымға, ересектер бес шақырымға жүгірді. Алдымен жарысты бұрымды спортшылар аяқтады. Қорытындысында Ляззат Төлепбергенова үшінші, Ақкенже Таубаева екінші орынды иеленсе, Дамира Ерсайынова бірінші орынды жеңіп алып, шағын ауылда бірінші рет ұйымдастырылған жүгіру жарысының алғашқы чемпионы атанды. Ал жастар арасындағы сынға келсек, онда Ақылбек Қабдолмәжит үшінші, Георгий Павленко екінші, ауылдастары алдында намысқа тырысқан Рафхат Асылмұратов бірінші орынға ие болды. Спортшыларды қолдай келген ағайынды бес шақырымға шапқан желаяқтардың беталысы қызықтырды. Жанкүйер қолдауын сезді ме, спортшылар да көптің көңілін қалдырмады. Қорытындысында талай бәсекені көрген Жарас Айтуаров алдына жан салмай, бірінші келсе, екінші орынды Павел Казанцев иеленді. Ал жерлестерінің үмітін ақтау үшін бар күшін салған Саясат Ақболатов үшінші орынды қанағат тұтты.

IMG_8527

Жарысты тамашалауға арнайы келген Достық ауылдық округінің әкімі Әбубәкір Төлеуов елді мекенді думанға бөлеп, көпке үлгі бола білген спортшыларға ризашылығын білдірді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль және бағалы сыйлықтар табысталды. Одан бөлек аға буын желаяқтарымен иық тірестіре білген Дильназ Тілек, Нұрғиса Ермеков, Дарын Аманғали сынды спортшылар да ұйымдастырушылар тарапынан берілген арнайы сыйлықтарға ие болды.
Чувашин ауылының жастары жарысқа демеуші болған "Нұр Тарғын", "Рассвет", "Причаганье" ЖШС мен "Гурсаев" жеке кәсіпкерлігіне және "UR7" спорттық тауарлар дүкеніне ризашылықтарын білдіреді.

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале