12.03.2021, 15:06
Оқылды: 18

COVID-19: бір жылдан соң

Жер шарының әр бұрышында әлсін-әлсін шығып, халықты әбіржітетін «эпидемия», «вирус» деген терминдер қазір күнделікті естіп жүрген сөзге айналды. 2019 жылдың аяқ шенінде «Қытайдың Ухань деген қаласында SARS-CoV-2 вирусы анықталыпты. Адам үшін қауіпті көрінеді. Қаланы карантинге жауыпты» деген хабарға бізде ешкім көп елең ете қойған жоқ.

 bf3b0c3d-e417-44bc-8bde-ce5250f8bbec1

2020 жылдың 30 қаңтары күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вирус ошағын қоғамдық денсаулық сақтау сақтау саласындағы халықаралық маңыздағы төтенше жағдай деп анықтады. Ал 11 наурыз күні  COVID-19 вирусынан шыққан пандемия деп жариялады.

Қазақстандағы короновирус пандемиясы 13 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бұл індетті жұқтырған алғашқы адамдар анықталған күннен басталды.

COVID-19 елге ендеп кіргеніне жыл болды. Алғашында «вирус деген жоқ, жай адамдарды қамап ұстау үшін айтылған әңгіме», «вирус деп халықты қорқыту ғой, шындығында ол жоқ» дегендер қазір короновирустың бар екеніне, оның адам өмірі үшін қауіпті екеніне көзі жетті. Бұрын «коронавирус деген ертегіні айта бермеңдерші» дейтін адамның өзі сақтану шараларын орындай бастады.

Коронавирусты анықтаумен және емдеу орынына жеткізумен тікелей айналысатын денсаулық сақтау мекемесі -Теректі аудандық емханасының меңгерушісі  міндетін атқарушы Мәдина Сапарова: «Біздің ауруханада COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар жатып, ем алмайды. Біз тек тиісті талдау алып, оны облыс орталығына апарамыз. Ал, вирусқа оң нәтиже шықса, емдеу тәсілі вирус симптомдарына қарай тағайындалады.  Короновирус жұқпасы екі түрде – симптомды және симптомсыз күйде өтеді. Симптомсыз түрінде науқас өз денсаулығына қатысты ешқандай шағым айтпайды. Яғни, дене қызуы көтерілу, жөтел деген болмайды. Тек, иіс, дәм сезіну қабілеті болмауы мүмкін.  Ондай ауруларды үйге жіберіп, басқа адамдармен қарым-қатынас жасауына шектеу қойылады. Белгілі бір уақыт аралығында қоңырау шалып, денсаулығын бақылап отырамыз. Нәтижелі емделуіне кеңес береміз. Ал, сиптомдық түріне шалдыққан науқастарды инфекциялық ауруханаға бірден жеткіземіз.

Арнайы талдау алынып, ағзада SARS-CoV-2 вирусы анықталған жағдайда сол адамммен қатынаста болған адамдар – отбасы мүшелері 14 күндік оқшаулауға жатқызылады. Оқшаулау кезеңінде де күніге хабарласып, хал-жағдайларын біліп отырамыз. Ауру симптомсыз өтсе, 14 күннен соң тағы да вирусқа талдау тапсырады. Вирустан ада болғаны анықталса, аурулық парағы жабылып, жұмысқа шыға береді. Өзімізде ем жүргізбейміз, тек қана «сүзгіш» бөлімде, талдау нәтижесін күтеді. Талдау нәтижесі келген соң, егер КВИ анықталса, жұқпалы аурулар ауруханасына, облыс орталығына, ал егер ОРВИ немесе пневмония ғана болса, өзіміздің ауруханада емделеді. Жалпы, дәрі-дәрмек, қажетті медициналық қондырғылар дайын тұр», - деп атқарылатын шаралар туралы айтып берді.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәрігерлер сақадай-сай, дайын. Өткен жаздағыдай вирус жұқтырғандар көбейіп кетсе, шара қабылдауға тәжірибе де жинақталды. Бетін аулақ қылсын, ондай жағдай болмауы үшін халық талап етілген сақтық шараларына түсіністікпен қарап, мұқият орындаса  екен дейді мамандар.

Бір жылдың ішінде COVID-19 вирусын жеңе алмай отырғанымыз да сол сақтық шараларын орындамаудан да емес пе екен?

Біздің ауданда пандемияға байланысты сақтық шаралары мен тәртібін белгілейтін санитарлық дәрігер - Теректі аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ләйла Ашықова: «Короновирус пандемиясы басталғалы халыққа бетперде тағу, қолғап кию жайлы айтылып келеді. Ең алдымен, әр адам санитарлық гигиена талаптарын сақтауға міндетті. Қолды жиі-жиі сабындап жуып, арнайы антисептикалық құралдарды пайдалану қажет. Әлеуметтік арақашықтық сақтау, адам шоғырлануын болдырмау да вируспен күрестің басты шаралары ретінде белгілі. Осы айтылған шараларды карантин кезінде орындап келеміз. Өкінішке орай, аталған жұқпаның бар екеніне сенбей, қойылған шектеулерді біле тұра бұзу фактілері болып тұрады. Біздің аудан бойынша жыл басынан бері шектеу кезінде той өткізген 3 отбасына Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 425 бабының 1 тармағы бойынша айыппұл салынды. Тап осындай шара азық-түлік дүкендерінде бетперде, қолғапсыз болғаны үшін 15 адамға қолданылды. Дезинфекциялық тәртіпті бұзған 2 тұрғынға, автокөлік салонында шектеуден артық адам тасымалдаған 3  жүргізушіге, сағат 23-00 кейін көшеден жүрген 6 тұрғынға осы бап бойынша айыппұл салынды.

Біздің жұмысымыз тек шектеу қою, айыппұл салу ғана емес. Күнделікті эпидемиялық ахуалды бағамдап, жұқпа табылған әр оқиға бойынша сараптау жасаймыз. Нәтижесінде, шектеуді күшейту немесе босаңсыту шараларын арнайы қаулымен анықтап отырамыз.

Соңғы кезде қайтадан байырғы қалыптағыдай той, туған күн жасап, қонаққа бару жиіленіп, аурудың саны да күннен күнге көбейіп келеді», - деп жағдайды айта келіп,

«Осыған байланысты тұрғындарға қонаққа, жиын-тойларға баруды доғару керек» деген ескертуін де жеткізді.

Әзірге біз SARS-CoV-2 вирусын ауыздықтай алмай отырмыз. Дегенмен, 1 ақпанда басталған екпе салу (вакцинация) вирустың бетін қайтарады деп сенеміз.

 

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале