21.12.2022, 23:51
Оқылды: 23

Дала дарабозын еске алды

Теректі ауданына қарасты Шалқар ауылдық округінде КСРО-ның еңбек сіңірген қоғам қайраткері Мүсір Айтасовты еске алу шарасы өтті.

IMG-20221221-WA0069

Мүсір Иманқұлұлы 1935 жылы бұрынғы Ілбішін ауданы Мерген ауылында дүниеге келген. Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерінің иегері. Ауылшаруашылығының дамуына үлес қосқан білікті маман.

IMG-20221221-WA0054
Қасиетті Шалқар көлі жағасына келген қонақтар ең алымен Хамза Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне барып, мұражаймен танысты.
Одан әрі мәдениет үйінде жалғасқан жиынға Бөкей Орда, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, облыстық ауылшаруашылық ардагерлер кеңесінің төрағасы Лавр Хайретдинов, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі Еламан Әйпішов, Казталов ауданының құрметті азаматшасы, Мүсір Иманқұлұлының жұбайы Балғаным Какимова және немересі Асылбек Айтасов, облыстық кәсіподақ ұйымының басшысының орынбасары Бауыржан Атауов құрметті қонақ ретінде қатысты.
Халық үшін адал қызмет атқарған, бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған, азаматтық биіктен көріне білген, елге еңбегімен танылған азаматтың өмірінен сыр шертер «Дархан даласының дарабозы» деген атаумен кітап жарық көрген болатын.

IMG-20221221-WA0050
Бұл кітапта Мүсір Айтасовтың достарының, әріптестерінің естеліктері топтастырылған.
Алғаш болып сөз алған М.Айтасовтың жұбайы Балғаным Жантолықызы өткен күндерді еске алды.
Шалқыған Шалқар көлі жағасында бізді жылы шыраймен қарсы алғандарыңызға мың алғыс.
- Ел бар жерде тарих бар, ұлы іс бар. Сол іс ұмытылмасын, жас ұрпақтың есінде сақталсын деген ниетпен жүздесіп отырмыз. Мүсір Хамза елінде қызмет атқарып, ел еңсесін көтеріп, ауылшаруашылығына үлес қосқан бірден бір жан десем болады. Көзі тірісінде осы ауылда атқарылған істерді жиі есіне алып отырушы еді. Бірге жұмыс жасаған тракторист, малшы-шопандар, механиктердің аты-жөнімен айтып отыратын, — деді Б.Какимова.
Кездесуге келген Лавр Рашидұлы, Еламан Байжанұлы және Бауыржан Аяпбергенұлы да өз естеліктерін ортаға салды.

«Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, ағаның көзін көрген, жұмыстас болған ел ағалары жетерлік. Солардың бірі де бірегейі Сарыөмір ауылының тұрғыны Ерболат Қонқашев та ол кісінің іскерлік қасиетін еске алды.
Хамза Есенжанов атындағы мектеп оқушылары ата-әжелерге арналған өлеңдерін оқып, меймандардың көңілін марқайтып тастады.
Еске алу шарасына қатысқан аудан басшысы Тілек Александрұлы да Мүсір Иманқұлұлы жайлы бірер ауыз сөз айтып, келген қонақтарға алғысын білдіріп, ел атынан Балғаным Какимоваға камзол жауып, гүл шоғын табыстады.

Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале