10.04.2023, 11:15
Оқылды: 39

Дала жұмыстарына дайындық басталды

Көктем келіп, күн жылынып дала жұмыстарының басталуына да санаулы уақыт қалды. Бар несібесін Жер-анадан тауып отырған диқандар үшін нағыз қарбалас сәт. Себебі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу маңызды міндеттердің бірі. 

522b245a-fe39-484a-811d-9ab3cf5c2398

    Яғни, диқаншы қауымға артылар сенім зор. Бұл мәселе бүгінде аудан басшылығының жіті назарында тұр. Десе де арқаны кеңге салуға болмайтынын уақыттың өзі айқындап отыр. Қазір бағада да тұрақтылық жоқ. Сұранысқа ие заттардың құны күн санап аспандауда. Осыған орай біз аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне хабарласып, көктемгі далалық жұмыстарға дайындықтың жай-жапсарын білген болатынбыз.

Тасқала ауданының ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Хамит Омаровтың айтуынша егін шаруашылығымен айналысуға аудан бойынша 78 агроқұрылым өтініш берген. Олардың  ішінде Ақтау ауылдық округінен -16,  Амангелді ауылынан - 6,  Достықтан - 9, Мерейден - 20, Шежін ауылынан - 6, Тасқала ауылдық округі бойынша - 21 агроқұрылым алдағы күзде қамбаны сары алтынға толтыруға атсалыспақ.

    «Былтыр шаруалар үшін жаман жыл болған жоқ. Еккен егін мен төккен тер өз нәтижесін берді. Биылда сол межеден артық болмаса, кем түспеуіміз керек. Себебі жақсы өнім алуға мүмкіндік бар. Жер ылғалы жетерлік.  Былтырғы жауған күздік жаңбырдың көп көмегі болды. Бірақ, қар ерте кеткенімен жердегі тоң әлі ери қоймады. Сондықтан бұйырса, сәуірдің  5 нен кейін ылғал жабуды бастаймыз деп отырмыз. Техникаларда 91 пайызға дайын тұр. Соның ішінде былтырғы жылы сатып алынған 97 ауыл шаруашылық техникалары бар. Айта кету керек, биыл көктемде жоспар бойынша  41019 гектарға жаздық дақылдар егіледі деп күтілуде. Соның ішінде жаздық бидай – 19 676  гектарды құраса, арпа – 6429 га және дәндік құмай - 330 гектарды қамтымақ. Ал майлы дақылдар 10075 гектарға егілмек. Оның ішінде, күнбағыс 5200 гектар, мақсары (сафлор) 4575 гектар және зығыр (лен) 330 гектарды алады. Біздің аудан негізінен мал шаруашылығымен айналысқандықтан мал азығына да баса назар аударылады. Сондықтан, биылғы жылы 5426 гектарға мал азығы дақылдарын егуді жоспарлап отырмыз. Дәлірек айтсақ, 2457 гектарға біржылдық судан шөбі егілсе, 1824 гектарға көпжылдық шөптер, 220 гектарға сүрлемге арналған құмай судан қоспасы егілмек және 925 гектарды бұрыннан егілген көпжылдық шөптер құрайды. Сонымен бірге, биыл егіспен қатар  аудан бойынша 110 гектарға картоп (соның ішіндегі ұжымдық бақша 47 гектар), 120 гектарға көкөніс және 30 гектарға бақша дақылдарын егу жоспарда бар. 2022 жылы егілген және сақталып қалған 6564 гектар күздік дақылдары, соның ішіндегі күздік бидай 5844 гектар және 720 гектар қара бидай. Көктемгі дала жұмыстары аудан шаруашылықтарына қажетті дәнді, майлы және мал азығы  дақылдарының тұқымымен толықтай қамтылған. Дайындалған тұқымдар  тексерістен өтіп, кондицияға сай дайын тұр, - дейді Хамит Сәрсенұлы.

Биыл егін егетін шаруашылықтар үшін жеңілдетілген жанар-жағармай бағасы да белгілі болды. Қазіргі таңда барлық жанар-жағармай бекеттерінде дизель отыны 260 теңгеден болса, жеңілдетілген баға 211 теңгені құрап отыр. Ауылшаруашылық бөлімі маманының айтуы бойынша ол наурыз, сәуір, мамыр және маусым айларына бөлінген. Шаруалар оны «Нефтэк» жанармай бекеті арқылы ала алады. Бұл береке-байлықтың негізі қаланатын «Көктемнің әр күні жылға азық» дегенді қаперге ұстайтын шаруаларды алда қарбалас күндер күтіп тұрғанын тағы бір еске салғандай. Олай болса, іске сәт!

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале