4.12.2024, 12:30
Оқылды: 28

Даланың ұлы – Дастан

PHOTO-2024-12-02-16-37-37

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың күздегі Жолдауында:
 
– 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! - деді.
Президент уақытында пәрмен берді. Себебі, қоғам әлеуметтік желідегі «ақылгөйлердің» айтқанына амал етіп, әнші-бишілерді пір тұтып кете жаздады.
Шын идеалдар – еңбек адамдары екенін енді түсініп жатырмыз. Сырым ауданының Алғабас ауылдық округіндегі Дастан Каримов күннен бұрын оянып, алдына ауылдың малын салып, жайылымға алып кетеді. Өргізіп, жайып, күн ұясына еңкейер кезде ол да ауылына оралады.
Мөңіреген сиырлар иелеріне жеткенше көзімен қарап тұрып, үйіне қайтады. Осылай қайталанып келе жатқанына жиырма жылдан асты.  Дастан өзін табыс тауып жүрмін деп ойлайды. Бірақ ол өзінің біріншіден атакәсіптің адал мұрагері екенін,  екіншіден мал бағымын мойынына алып, ауыл үшін аса күрделі мәселені шешіп жүргенін білмеуі де мүмкін. Себебі, қазір көп ауылдық округте мал бақташысы жоқ.
– Ауылдасымыз Дастан Каримов – адал еңбеккер. Өз ісіне жауапты маман болғасын халық та оған малын сеніп тапсырады. Дастан даланы жақсы біледі, үйден гөрі түзде көбірек жүреді. Мал бағымы жүйелі ұйымдастырылса, біріншіден ауылдың ажар-келбетіне әсер етеді. Тапа-тал түсте көшеде мал өріп, өкіріп жүрсе ыңғайсыз ғой. Бір жағынан, малды бағу – мал ұрлығының алдын-алу. Міне, бізге Дастан Каримовтай азаматтар осы жағынан зор қолдау білдіруде. Ауылымыз ұзақ жыл бақташылық қызметте жүрген Ерген Қамешовке, осы саланың жаңа өкілі Ержан Оразғалиевке риза, - дейді Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменов.
Дастан мырзамен кеңінен сұхбаттасудың сәті түспеді. Себебі, алаңы – алдындағы малы екен. Онысы жөн де. Қазір судың бетін шыбынның қанатындай мұз жапты. Суға түскен мал мұзға шабын жыртып я өзі кетіп, әбігерге салуы кәдік. Сондықтан, сақ болмаса, сергек болмаса болмайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғарыдағы сөзін былай жалғады: Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Біз Дастандарды, ауыл-ауылдардағы оның әріптестеріне құрметпен қарауға тиіспіз!
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале