8.09.2025, 16:00
Оқылды: 409

Даму жолымыз айқын

Дүние жүзінде жасанды интеллектіні дамыту ісінде зор табысқа жетіп, өздерінің өркендеуінің кепіліне айналдырып жатқан елдер бар. Қазақстан да цифрландыру ісінде, инновацияны енгізуде ешкімнен қалмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында осыған байланысты міндеттер анық тұжырымдалды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Цифрлық кодекс қабылданады. Экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жасанды интеллект енгізіледі.

жолдау президент

Фото: t.me/aqorda_resmi

Инновациялар мен ғылыми жаңалықтар, әрине, ауыл шаруашылығында да жүзеге асырылады. Үш жылда жаппай цифрлық ел болуымыз, ең алдымен, асыраушымыз ауылдың бағын асырады деп білемін өз басым. Өңдеу саласына, экспорттық әлеуетіне қатысты ауыл шаруашылығындағы мүмкіндік өте зор. Президент осы орайда сауатты маркетингтік саясат керегін атап көрсетті. Цифрландыру ісінде осыған дейінгі нақты жетістіктер таяу уақытта-ақ ұлғаюы үшін не қажет шаралардың белгіленуі ертеңімізге зор үміт ұялатады.

Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі – жер. Осыған байланысты Мемлекет басшысының анық ұстанымына да халқымыз риза екені кәміл. 2022-2025 жылдары бізде заңсыз берілген 13,5 млн. гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бүгінде оның 4,1 млн. гектары қолданысқа берілді. Қайтарылған барлық алқапты 2026 жылдың ортасына дейін айналымға қосу әкімдерге тапсырылды. Президент "Жер иесіз қалмауы керек. Жерді оның қадірін білетін азаматтарға беру керек", – деді. Қарап тұрсақ, тапсырмалары да кезек-кезегімен орындалуда. Солай бола берері шүбәсіз.

Болат Қосжанұлы, еңбек ардагері
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале