Бәйтерек ауданы Дариян ауылдық мәдениет үйінің ұжымы мен ауданның жас өнерпаздары әріптесі, әнші Камшат Қондыкерованың ұлы, туа біткен ангиодисплазия ауруына шалдыққан Батыр атты кішкентай бес жасар ұлды қолдау мақсатында «Жылы жүрек, жомарт қол!» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырды.
Қайырымдылық концертіне Дариян ауылдық мәдениет үйінің әншілерінен бөлек ауданға танымал Аягөз Бейсова, Дәурен Ерман, Мирас Мэлс, "Жұмыр қылыш" триосы, Дәулет Мақсот сынды өнерпаздар да қатысып, қайырымдылық көрсетті.
Концертке келген көрермен әні ұл-қыздарды ыстық ықыласпен қабылдады. Кеш соңында сахна төріне Батыр бүлдіршінің анасы Камшат Қондыкерова шығып, қолдау бюілдірген барша әріптестеріне алғысын білдірді. Аталмыш концерттен түскен қаражат Батырдың анасына табысталып, ауыл әкімінің орынбасары Нұрлан Ажиев кәмшат әнші мен оның отбасы мүшелеріне қолдауын білдірді.
Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Алдағы уақытта да мұндай игі шаралар жалғасын тауып, көмекке мұқтаж жандарға демеу болуға өнерпаздар қашан да дайын.
Балым Ниетова,
Бәйтерек ауданы
Дариян ауылдық мәдениет үйінің әдіскері