Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жергілікті кәсіпкерлер тамаша сый жасады. Орталық директоры Дастан Мырзағалиевтің айтуынша, жаз мезгілінде қызмет алушылардың демалып, өзара әңгіме айтып отыратын арнайы орындары болмапты.
-Біздің орталықта қызмет алушылардың біразы көмекке мұқтаж. Барлығы ерекше күтім мен қамқорлықты қажет етеді. Осы уақытқа дейін қариялар мен кейуаналар кешкі салқынмен демалып отыратын орынның жоқтығын айтып келді,- дейді орталық директоры Дастан Мырзағалиев.
Орталық мамандары арнайы орын әзірлеп, керек-жарақ дайындағанша, үлкен кісілерге демалатын орын қажет екенін естіген жергілікті Талғат Сарбалаков, Дмитрий Безух, Алексей Синельников, Александр Синельников, Талғат Әбельбасов, Сәндібек Есетов сияқты кәсіпкер жігіттер қажет қаражатты жинап, құрал-жабдықтарды алып, әдемі демалатын орын жасап берген.
Атымтай жомарт жандардың мұндай мырзылығына разы болған орталық директоры мен қызмет алушылары кәсіпкерлерге алғыстарын жаудыруда.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz