Жәнібек аудандық мәдениет үйінде өнерімен өмірінде өшпес із қалдырған, аз ғана ғұмырында өзін тұлға ретінде таныта білген дәстүрлі әнші, күйші Мұрат Каримуллиннің 70 жылдығына арналған «Жарқ етіп жанған сәуле ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.
Еске алу кешіне Алматыдан арнайы келген күйшінің жұбайы әрі өнердегі жолдасы, қобызшы Ұлмекен Төлеуова, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халық күйшісі Ермек Қазиев, «Абай» арнасының бас продюсері, ақын Жаңылхан Асылбекова, Мұрат Каримуллиннің қарындасы Райхан Каримуллина және облыстық халық шығармашылығы бөлімі басшысы Батырхан Қайыровты халық қошеметпен қарсы алып, төр ұсынды.
Кеш Мұрат Каримоллаұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалған бейнероликпен басталып, «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің өнерімен жалғасты. Ансамбльдің сүйемелдеуімен Рашид Шақудың «Ауылдастар» әнін жанды дауыста орындаған облыстық, республикалық байқаудың жүлдегері Шынар Қаюпованың өнеріне дүйім жұрт тәнті болды.
Өмірден өткен жандар жайлы, әсіресе, оның жақындарының алдында тұрып әңгіме айту, еске алу - оңай емес. Десе де, өзі өшкенмен, аты, өнері өшпеген тұлға туралы бұл кеште сөз қозғамай қалуға әсте болмайды. Осы орайда «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы, жақсыбайлық Амангелді Уәлиев ағамыз балалық шағы, бар қызығы Жақсыбай ауылында өткен өнерлі жанның көзкөрген естеліктерімен бөлісті. Ол:
- Бәріміз бір үйдің баласындай едік. Талай қызықты күндеріміз бірге өтті. Мұраттың анасы Хамиданы біз Қама апа деп атайтынбыз. Сол кезден-ақ апамыздың тектілігін, даналығын біз ғана емес, бүкіл ауыл айтатын. Көрмеде тұрған суреттерді көріп, жастық шағым көз алдымнан өтіп кеткендей күй кешіп, ерекше қобалжып тұрғаным рас, - деп жастық шағын, онымен өткен күндерін сағынышпен еске алды.
Амангелді Мырзағалиұлының жиналған халықтың жанын жылытқан естелік әңгімесінен соң, Құдайберген Қазыбековтың сөзіне, Мұрат Каримуллиннің әніне жазылған «Әке өсиеті» әнін Жақсыбай елінің тумасы, жерлес інісі Есім Тұяқбаев орындады.
Дәулескер домбырашы, халық күйшісі Ермек Еселұлы да Мұрат Каримоллаұлы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілігі, жасаған ісі жадында мәңгі қалатынын және оны келесі ұрпаққа жеткізетінін айтты. Көп сөйлегеннен, қара домбыраға кезек беруді жөн көрген күйші ағамыз күй орындап, қонақтардың құлақ құрышын қандырды.
Бойына біткен қасиетті өнерімен айналасына жақсы әсер қалдырып, өзін мойындата білген өнер иесі туралы Қазақстан ұлттық арнасында хабар дайындаған Жаңылхан Асылбекова да осы кешке арнайы келген болатын. Оның күйшінің жары Ұлмекен Ұзақбайқызына арнаған өлеңі тыңдарманның жүрегіне жол тартты. Сонымен қатар тума дарынмен журналистика саласында бірге қызмет еткен әріптестерінің естелігін де айтып берді.
Иә Мұрат Каримоллаұлы өзін күйші ретінде ғана емес, қаламы қарымды, алғыр журналист ретінде де таныта білген азамат еді. Бірі бауырын, енді бірі асыл жарын көзіне жас алып еске алған қарындасы Райхан Каримоллақызы мен әрі сырлас досы, әрі сүйген жары Ұлмекен Ұзақбайқызы да сахна төрінен табылып, аудан әкімі мен аудандық мәдениет үйінің қызметкерлеріне басын иіп, ерекше алғыс білдірді.
Жат көрмей, жақыным деп сағынышпен қарсы алған халықтың қолдауынан шабыттанған Ұлмекен апамыз әнмен шашу шашса, қарындасы Райхан Каримуллина мәртебелі поэзияға кезек беріп, өз өлеңдерінен оқыды.
Шара барысында «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблі Құрманғазының «Адай» күйін, ал ауданымызға танымал күйші Шынтемір Рамазанов Мұрат ағамыздың соңғы орындаған күйлерінің бірі Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйін шебер орындап шықты.
Шынар Қаюпованың орындауындағы Жарасқан Әбдірашұлының сөзіне, Қалдыбек Құрманәлінің әніне жазылған «Кірмеші жиі түсіме» әнін тыңдаған көрермен еріксіз көзіне жас алды. Ауданымыздың күміс көмей әншісі Аслан Боранбаев «Ана туралы жыр» әнін орындаса, Райымбек Кәрімовтың Ұлмекен Ұзақбайқызымен орындаған «Қаздар қайтқанда» әні тыңдарманның көңілінен шықты.
Шара соңында аудан әкімі Тимур Серікұлы қорытынды сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.
«Орамал тон болмайды, жол болады» деген аталы сөзді ұстанып, келген қонақтарға шапан жауып, естелік сыйлықтары мен гүл шоқтарын табыс етті.
Айсұлу Жұмабай,
Жәнібек ауданы