«Мен де, бір елдің еркесі» «Қазақ мәдениетінің қайраткері» құрметті атағының иегері, дәстүрлі әнші-термеші Жаңыл Кәрімқызы Чугированың шығармашылық кеші осылай аталды.
Әншінің елдің еркесі екені рас. Өйткені осынау киелі сахнада әуелете ән салып келе жатқанына 35 жыл болыпты. Қасиетті қара домбырасымен ұлттық дәстүрдегі әндерді желпіндіре орындап, Майлықожаның, Сүгірдің, Ғарекеңнің термелерін термелетіп, елдің алғысына бөленіп келе жатқанына да осынша жыл. Осы жылдар ішінде Жаңыл Кәрімқызы қаншама рухани ләззат сыйлады. Тыңдармандарына еркеледі, ән сүйер, жыр сүйер қауымның көңілінен шығып, оларды да еркелете білді.
Кештің шымылдығы әншінің Айнұр Мұқанғалиева жетекшілік ететін үлгілі «Назерке» би ансамблінің көркемдеуімен және «Назкоңыр» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен бірнеше әсем әндерді қатар орындауымен ашылды. Дәстүрлі әндерден кейін эстрадалық әндерге де кезек келді. Сахнада өзіндік сәнімен, әсем әнімен тербелген Жаңыл Кәрімқызы көрермендерін ерекше баурап алды. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормонияның әншісі Майра Хайдарова өнердегі құрбысының кешін құттықтай келіп, сахнадан ән арнады.
Әнші Жаңыл негізінен көршілес Шыңғырлау елінің тумасы. Кешке Шыңғырлаудан арнайы келіп, сахнада ән салған өнердегі үзеңгілес інісі Сансызбай Сұлтанғалиев туған жердің ыстық сәлемін ала келгенін айтты.
Сонымен бірге күні кеше өмірден озған, облысқа танымал әнші анасын, өнер жанашыры болған әкесін, қамқор отағасы мен мәпелеп өсірген қызын да ұмытпай, оларға өнер жолындағы жетістіктері үшін ризашылығын әнмен жеткізген әншімен көрермендері бірге толқыды.
Кеш соңында аудан әкімінің ықылас гүлі сахнаға жеткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов осынау үлкен өнер иесін қызу құттықтап, аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың құттықтау хатын тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атынан БҚО «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісін табыс етті.
Жастайынан бүрме көйлек, оюлы тақия киіп, үкілі домбыраны жанына серік еткен Жаңыл 20 жасынан бері Бөрлі ауданының мәдениет бөлімінде абыроймен қызмет етіп келеді. Жастық жалынмен айтыс өнерінде бақ сынады, облыста келіндер байқауында бас жүлде алды. Нақтырақ айтқанда, ұлттық мәдениет пен өнерге адал қызмет етті.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz