Бөрлі ауданындағы «Бөрлі» спорт кешенінде дәстүрлі «Денсаулық» спартакиадасы өтеді. Жарыс ауданның ауылдық округ командалары арасында өтті.
Жарыс бағдарламасы тоғызқұмалақ, үстел теннисі, волейбол, гір спорты, асық ату, дойбы, шаңғы эстафетасы секілді спорт түрлерінен тұрды.
Аталмыш шараға ауылдық округтерден 12 команда, 200-ден астам спортшы қатысты. Жарыс Ақсу, Ақбұлақ, Бөрлі, Бумакөл, Достық, Жарсуат, Кеңтүбек, Қанай, Қарағанды, Қарақұдық, Пугачев, Приурал ауылдық округтерінің командалары арасында өтті.
Спартакиаданың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Есенаман Стамғазиев, «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің директоры Бауыржан Мыхтыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаев және Приурал, Бумакөл, Кеңтүбек, Қарағанды ауылдық округ әкімдері қатысты.
Қорытындысында асық атудан Асхат Серік, бес асықтан Гүлшат Есенжанова, дойбыдан Бауыржан Бекқалиев пен Нұргүл Ғилажева, тоғызқұмалақтан Бекзат Тастайбеков пен Лилия Расқұлова, үстел теннисінен Рустамбек Камашев пен Сабина Камашевалар жеңіске жетті. Сондай-ақ ерлер арасындағы гір спортынан Еламан Едігеев, Ислам Мұхамбетқалиев, Еламан Сансызбаев, ал әйелдер арасынан Бақытжан Сәрсенбаева, Әлия Сүлейменова, Любовь Савониктер әр түрлі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырынан көрінді. Ал волейболдан Приурал, шаңғы эстафетасынан Қарағанды ауылдық округтері бірінші орынға ие болды. Жалпы командалық есепте 146 ұпаймен Қарағанды алдыңғы орыннан көрінсе, 143 ұпаймен Кеңтүбек екінші, 141 ұпаймен Ақбұлақ ауылдық округінің командасына үшінші орын бұйырды.
- Биылғы «Денсаулық» спартакиадасы бірінші рет Бөрлі ауылында өтті. Бұған дейін Қарағанды ауылдық округінде ұйымдастырылатын еді. Біз 8 спорт түрінен сайысып, бағымызды сынадық. Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өтті. Ең мықтылары жеңіске жетті деп санаймын. Бұл жеңістен біз де құр алақан емеспіз. Ауылымыздың оқушылары мен жастарынан құралған құрама команда үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Соның ішінде Арсен Жакиев асық атудан, Гүлім Спорт бес асықтан, Бейбіт Тасқын гір көтеруден және волейболдан ІІ орын алды. Ауылымыздың мәртебесін көтеру мақсатында бірлескен жұмыс нәтижесінде әлі де биіктерді бағындырамыз деп ойлаймын. Қолдау білдіріп, атсалысқан ауыл жастарына алғысым шексіз, - дейді Ақбұлақ ауылдық округінің спорт әдіскері Ержан Өтеғалиев.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің тиісті дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен кубоктарымен марапатталды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz