1.10.2024, 21:00
Оқылды: 113

Дәулеткерей оркестрі – Жәнібек төрінде

Бүгін Жәнібек  аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Ойна, шырқа, оркестр!» атты концерті өтті.

image-01-10-24-04-44

Концерт басталмас бұрын оркестрді ауданның кіреберісінен аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудан өнерпаздары дәстүрге сай бауырсақ пен ақ ұсынып, қарсылап алды.

image-01-10-24-04-44-1

Кеш тізгінін сөзі мірдің оғындай белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, жерлесіміз Дәулеткерей Құсайынов жүргізді.

image-01-10-24-04-44-6

Келген көрерменмен амандаса сала Дәулеткерей ағамыз асыл қазыналарымыз қарияларымызды аталмыш концертпен тұспа-тұс келген 1 қазан – «Халықаралық қарттар күнімен» құттықтап сөз сөйледі.

image-01-10-24-04-44-13 (1)

Керемет кештің шымылдығы аталмыш оркестор ұжымының көркемдік жетекшісі және бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетовтың дирижерлігімен орындалған Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылды.

image-01-10-24-04-44-3

Кештегі қай шығарма болмасын халықтың ұлттық-рухани қайнарынан алынған қаймағы десек артық болмас. Әлбетте, Дәулеткерей ағамыз әдетінше орындалған әр туындының тарихын баяндап, өнерсүйер жәнібектік қауымды бір-екі сағаттың ішінде ойға да жеткізді, қырға да апарды.

Ұлт мәдениетінің басты мұрасы халық әндерімен қоса фольклор жинаушы һәм жыршы Ғарифолладан күні бүгінге мұра болып қалған асыл шығармаларды орындаған «Парасат» орденінің иегері Қатимолла Бердіғалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Сағадат Рахметжанов, Дастан Есентеміров, Күләш Қуанышқалиева, Айбар Хайырханов сияқты батыс өңірінің бетке ұстар бір төбе өнерпазы шөліркеген көңіл-күймен келген ән сүйер, жыр сүйер жұртшылықты бір жасатты.

«Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі иегері Асылхан Қазиев және мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Жарас Сатыбалдиевтердің дирижерлігімен аталмыш оркестр Динаның «Науысқы», Дәулеткерейдің «Құдаша», Соқыр Есжанның «Есжан», Құрманғазының «Адай», Жантөренің «Шалқыма» күйлерін шалқыта орындады.

Өлең сүйер, өнер сүйер жұртшылық ыстық ықыластарын құшақ гүлдерімен жеткізіп жатты. Сондай бір гүл шоғы арасынан Дәулеткерей ағамыздан күмбір күй сұрап өтініш білдірген хат шыққан сәтте, ағамыз бірден қолына домбырасын алып, Құрманғазының күйі «Арба соққанды» тарта жөнеліп, жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді. Артынша, Батыс Қазақстан облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Риза Сағынаева өзінің сыныптасы Қатимолла Бердіғалиевке сый көрсетіп шапан жапты. Ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, қарттарымызды мерекемен құттықтады.

image-01-10-24-04-44-2

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов қорытынды сөз сөйлеп, ауыл үлкендеріне құттықтауын жеткізіп, оркестр ұжымына аудан әкімдігі атынан арнайы гүл шоғын табыс етті. Өнер ұжымына қалың көрермен атынан ризашылығын білдіріп, оркестрдің бас дирижері Еркін Нұрымбетовке алғысхат табыстады. Ал ауданымыздың мәдениет саласына айтарлықтай үлесін қосқан, елінің ерке ұлынан серке азаматына айналған кеш жүргізушісі, жерлесіміз Дәулеткерей Құсайынов ағамызға ат мінгізді.

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале