«Жаңа заманның жастарын құлаққап киген, гаджет құшақтаған бейнеде елестете бермеу керек. Бүгінгі буынның бойында еркіндіктің рухы бар. Оны Сырым ауданындағы дебат жарыстарынан анық байқауға болады.
Интелектуалды ойынның осы түрі ауданымызда даму даңғылына түскелі жылдан асып барады. Бір жыл ішінде ауданда пікірлер сайыстарының деңгейі біраз көтерілді әрі зиялы, шешен, тапқыр, рухты ойыншылардың қалың қатары қалыптасты. Пікірлер додасының жас шеберлері жуырда Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп – бөбекжай – балабақша кешенінде өткен «Сырым шешен, Жанша көсем елі бұл!» атты аудандық маусымашар турниріне жиналды.
Сырым аудандық білім беру бөлімі мен Ж.Досмұхамедов атындағы білім ордасының жанындағы «Жаһанша пікірі» дебат клубының ұйымдастырған 21 команда және қосымша 1 техникалық команда қатысты. Ескере кетейік, техникалық команда іріктеу кезеңінен өтпейді.
Ойыншылар «БП: Қазақ киноиндустриясының шарықтау шегі алда деп есептейді», «БП:Ұлы дала елі брендін қалыптастырудың тиімді жолын ұсынады», «БП:Ең үздік мотивациялық қазақты ұсынады», «БП:ҰБТны сақтап қалады», «БП:Шетел азаматтары азаматтық алу үшін әскери борышты міндеттеу керек деп есептейді», «БП:Мектеп бағдарламасына саясаттану пәнін қосу керек деп есептейді», «БП:Ж.Досмұхамедовтың қайраткерлік жолын насихаттаудың тың жолын ұсынады» деген сегіз қарар бойынша ойларын ортаға салды. Қай тақырып та тың дерек пен терең тұжырымды қажет етеді.
Күткен үде мен үміт ақталып, алаңда жас пікірсайысшыларозық ойлар айтып, соны сараптамалар жасады. Әсіресе, механизмдік қарарларда қатысушы топтардың да, парламентарийдің де жоғары дәрежедегі пірілеріне куә болдық. Іріктеу раундтарыннан ширек финалға 8 команда өтті. Ал финал қос мықты - «Риторика» (Бұлдырты орта мектебі) және «Алдаспан» (Сырым мектеп - лицейі) топтары арасында өрбіді. Бір нүктеден екі пікір өрбітіп, оны дәлелдеу – міне, дебаттың алтын шарты. Төрешілер ойынды мұқият зерделеп, жеңісті «Алдаспан» командасына берді. ІІІ орынды Абай орта мектебінің «Билайн» командасы мен Жаһанша мектебінен LTG тобы иеленді. «Наркескен» командасынан (Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп - бөбекжай - балабақша кешені) Жанна Қазыбек «Үздік спикер» атанса, Абай мектебінің оқушылары «Үздік парламентарий», Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының дебат үйірмесінің жетекшісі Мейірбек Жампозов «Үздік төреші» аталымына ие болды. «Жаһанша пікірі» дебат клубы сайысты әлеуметтік желі арқылы бақылаған белсендік көрермендерді де елеусіз қалдырмай, сыйлық тағайындады.
-Дебат қозғалысы Сырым ауданында жаңа жолға түсті. Қыркүйек айында Сырым аудандық білім беру бөлімінің бұйрығымен «Syrym Tobe» аудандық үйлестіруші дебат орталығы ашылды. Маусымашар турнирінде сол орталықтың төрешілер құрамы төрелік етті. Ауданда пікірімен республиканы мойындатқан оқушылар бар. Өзінің ұстанымы, пікірі бар, азат ойлы, сауалатты санасы бар буынды тәрбиелеу – негізгі мақсат» - деді ойыннан кейін Сырым аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Гүлдана Науанқызы.
Назгүл Мустафиева,
Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп - бөбекжай - балабақша кешенінің кураторы