7.08.2023, 17:00
Оқылды: 50

Денсаулық пен уақыттың қадірін біліп жүрміз бе?

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында тасқалалық тұрғындармен рухани кездесу өтті.

IMG_4154

Жиынға исламтанушы ғалым, республикалық ақпараттық- түсіндіру тобының мүшесі, «Жыл уағызшысы – 2023» аталымының иегері Нұралы Бақытұлы, аудан әкімінің орынбасары Талғат Шакиров қатысты.

«Денсаулық пен уақыт – Алланың берген екі нығметі» тақырыбындағы басқосуда ұлттық құндылықтар мен дәстүр сабақтастығы, дінге қатысты сіз бен біз білуіміз керек ақпараттар мен жағдайлар талқыланды.

IMG_4159

– Құран кәрімде Алла Тағала былай деп айтады: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер, олар зиянға ұшырамайды» (Аср сүресі, 1-3-аяттар). Қиямет күні Алланың алдында өкінбейтін  адамның үш сипаты осы сүреде айтылады. Тіпті ғалымдарымыз айтқан Алла Тағаланың құзырынан түгелдей Құран түспей-ақ, осы сүре түскеннің өзі жеткілікті болатын еді деп. Оның біріншісі – тек қана иман келтірген пенделер, олар Құдайдың құзырында өкініште болмайды деп. Атам қазақ әлімсақтан бері мұсылманмын деп айтқан екен. Мұсылманның ұрпағымыз, Аллаға сенеміз, Пайғамбарға сенеміз. Осы Аллаға деген сеніміміз мәңгілік жәннатқа жетелейді. Екіншісі – жақсы, ізгі амал істеген жандар. Ізгі амал тек Құран оқығанда ғана сауап аламыз деген ой болмауы керек. Ізгі амал – Отанымыздың гүлденуіне, отбасы құндылығына үлес қосқан кездегі салиқалы амалдар. Үшіншісі – бір-біріне ақиқат, үгіт-насихат айтып, сабырға шақырғандар. Бұл үш сипат – адамды жеңіске жеткізетін сипаттар. Алла Тағала адам баласының қолында екі нығмет бар деген. Біріншісі – денсаулық, адам дені сау болып тұрған кезде оның қадір-қасиетіне жете бермейді. Басымызға іс түсіп, бір жеріміз ауырған кезде ғана қадірін түсінеміз. Екіншісі – бос уақыт, оның да қадір-қасиетіне жете бермейміз. Бос уақытты адам тиімді пайдалануы қажет. Адам баласын Алла Тағала көркем бейнеде жаратты. Бірақ өкінішке қарай, имансыз болып, ата дінімізді, дәстүрімізді дұрыс ұстана алмағандығымыздың кесірінен біз көп нәрседен қалыс қалып қойып жатырмыз. Ислам – тұнып тұрған тәрбие. Пайғамбарымыз кімде-кімнің қызы болатын болса, ол қызға салиқалы тәрбие беріп, құтты орнына қондырса, оған жәннат міндетті деген. Атам қазақ қызды төрге отырғызып, ырысы кең деп, сондай сыйлаған халық. Исламда әйел адамның әке-шешесін жәннатқа кіргізе алатындай мүмкіншілігі бар екенін айтады. Бірде Пайғамбарымызға бір жас жігіт келіп: «Осы менің ең жақын туыстарым бар ғой, солардың ішінде сырлас болуға, сұхбаттас болуға, жақсылықты үйіп-төгіп, аямай жасауға кім лайықты?» депті. Сол кезде Пайғамбарымыз «Анаң» деп үш рет айтып, төртіншісінде «Әкең» депті. Бұл не нәрсені көрсетеді? Ана – ол сенің қызың. Ана – ол сенің апаң, әпке-қарындасың деген  екен. Дініміз әйел адамның құқығын өте жоғары қойған. Ал енді ата-анаға қатысты мәселеге келсек. «Раббымызға серік қоспастай құлшылық қыл және ата-анаңа жақсылық қыл» делінген. Сен әке-шешеңе «Уф» деп айтқаныңның өзі күнә болып саналады. Оларға тек сөздің жақсысын, шырынын теріп айт. Ата-анаға жақсылық жасау – шариғатымызда бар нәрсе. Әке-шешеге қарсы сөйлеуге құқымыз жоқ. Ата-анаға барымызша жақсы, игі істер жасауымыз қажет. Қымбат жерге апарып тамақтандыр, киіндір, барлығын жаса. Ата-анаң оның бәріне лайықты. Әке-шешенің разы болып, күлкісі шыққан үйге Алланың мейірімі шексіз жауып тұрады. Қарты бар үйдің қазынасы бар. Атаанамызды барынша құрметтеп, барында қадірлей білейік. Қазіргі заманның жастарына айтарымыз – ұялы телефонға телмірмей, уақытты тиімді пайдаланған жөн, – деді «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұралы Бақытұлы.

Мәдениет үйінің залына жиналған жұртшылық арасынан діни нанымдарға қатысты сұрақтар қойылды. Ақ дастарқан, ақ бата Жиыннан соң аудан орталығындағы «Ақниет+» мейрамханасында ауданға келген қонақтар ақ дастарқан басында бас қосты. Онда жиналған қауым алдымен Құран бағыштады. Кәсіпкерлердің демеушілігімен, аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған ақ дастарқан басында жақсы тілектер айтылып, елдің дамуы мен тыныштығына арнап бата берілді. Отырысқа «Жыл уағызшысы – 2023» аталымының иегері Нұралы Бақытұлы, облыстық мешіттің бас имамы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы Самат Әлібаев, аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов, аудан әкімінің орынбасары Талғат Шакиров, Орал медресесінің директоры Талғат Искалиев және бөлім басшылары мен ауыл тұрығындары қатысты.

Түстен кейін келген қонақтар аудан орталығында салынып жатқан мешіт құрылысымен танысты. Нұралы Бақытұлы мешіт құрылысының жақын арада аяқталып, халық игілігіне берілуіне тілекшіміз деген шын ниетін білдірді.

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале